​«КІНДІК ШЕШЕ» деген кім, атқаратын қызметі қандай?

0
7 314

Балаңыздың мінез-құлқы кіндік шешесіне тартқан ба?


​«КІНДІК ШЕШЕ» деген кім, атқаратын қызметі қандай?

Кіндік балаларыңыз бар ма? Бар болса, оларға лайықты түрде кіндік шешенің міндеттемелерін дұрыс атқарып жүрсіз бе?

Ең алдымен бала өміріндегі өз анасынан кейінгі орын алатын екінші анасы «Кіндік шеше» туралы тарқатып айтайық. Бұл атаудың күнделікті өмірімізде естіп қалып жатқанымызбен, толықтай мағлұматтарға қанық еместігімізді мойындауымыз керек.


Кіндік шеше дегеніміз кім?

Ертеректе «Кіндік шеше» деп нәресте шыр етіп дүниеге келгеннен кейін оның кіндігін кесетін әйелді айтқан. Қазір біз сәбиді перзентханадан алып шыққан адамды «кіндік шеше» деп жүрміз. Әйтпесе қазір баланың кіндігін кесу мамандардың меншігіндегі іс қой. Кейбіреулер перзентханаға алдын ала сайланған кіндік анасын ертіп келіп, дәрігерлерге өтініш айтып, баланың кіндігін сол адамға кестіріп жатады.

Бұл да кіндік шешенің мойнына артылған үлкен жауапкершілік.


Кіндікті кім кеседі?

Кезінде үлкендер кімнің кіндік шеше болатынына ерекше маңыз беріп және оның мәртебесін қашан да арттырып отырған екен. Осынау адам өміріндегі кіндік әке-шеше ретінде өз балаларын аяғынан нық тұрғызып, жақсы тәрбие берген, ел ішінде аса қадірлі жандар таңдалған. Ол адамның байлығына емес, рухани мәдениеттілігіне, табиғи шынайылығына, қара қылды қақ жаратын әділді болуына қарап қатты мән берген. Тіпті кешегі күнге дейін баланың кіндік шешесін оның анасы емес, әжесі таңдап берген. Өйткені жас келін шынында да сол әулеттегі әйелдерді терең танып-білмеген. Көпті көрген ақжаулықты ана ел ішінде абыройы үстем, жайсаң, іскер, пысық әйелдерді жақсы танып, білгендіктен немересінің келешегі, болашағы үшін алаңдап, таңдауды өз қолына алған.


Кіндік шешенің мінез-құлқы неліктен маңызды?

«Бала кіндік шешеге тартады» деп бекер айтпайды. Өйткені шыр етіп жарық дүниеге келген баланың жалаңаш тәнін қолымен ұстап тұрып, кіндігін кесу арқылы әрбір адамның бойында болатын биоөріс пен адам бойындағы қасиеттер белгілі бір мөлшерде балаға беріледі. Бала да оны бірден қабылдайды. Сондықтан баланың ата-анасына, ата-әжесіне тартпаған кейбір мінездері міндетті түрде кіндік шешесіне тартады. «Ол пәленшенің кіндік баласы ғой, мінезін қарашы, аумай қалған кіндік шешесінен» дегенді естіп жататынымыз да сондықтан. Сол себепті бала кіндік кескен адамға тартады, кіндік анасы қандай болса, бала да дәл сондай болады деп ырымдаған. Яғни баланың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, ақылы, адамгершілігі, еңбекқорлығы кіндік шешеге тартып, келешекте елге сыйлы, ақылды, адамгершілігі мол болады деп сенген.


КІНДІК ШЕШЕнің МІНДЕТІ қандай?

Кіндік шеше ата-бабамыздың салтындағы жоғары мәртебеге ие киелі ана. Себебі, бала шыр етіп дүние есігін ашқан кезде анасынан бұрын кіндік шешесін көреді. Сондықтан да кіндік шеше баланың екінші анасы болып саналып, оны қастерлеп, дәріптеу себебі де осыдан.

Ал, енді кіндік шешенің міндеттеріне келетін болсақ, бұл маңызды үлкен тақырып. Кіндік шешеге қойылатын талаптар да жеңіл-желпі емес, сондықтан кіндік шешенің мәртебесі жоғары. Бұрынғы кіндік шешелер баланың тәрбиесіне көп күш салған. Жас ана қол-аяғын бауырына алғанша, әбден үйренгенше баланы суға шомылдыру, керіп-созу, күту осының барлығын енесінен бұрын кіндік шеше мойнына алып, өзі үйреткен. Балаға қатысты өткізілетін қырқынан шығарудан бастап қыздың тұрмысқа шығып, ұлдың үйлену тойына дейінгі барлық игі шаралардың басы-қасында кіндік шеше қадірлі тұлға болған.


Кіндік шешенің міндеттері :⠀
Аяғы ауыр әйелдің күтімін жіті қадағалау, босанатын уақыты таяғанда жанында болу қажет болса перзентханаға босану уақытында бірге болу.

Толғақ басталғанда «Жарысқазан» ұйымдастыру. Бұрынғы кіндік шешелер «ай толғақ», «апта толғақ» деген сияқты босанғанға дейін болатын толғақтардың әр күнін санап, келіннің қай кезде босанатын күнін алдын-ала болжай алған.

Бала дүниеге келген бойда алғашқы киімі - иткөйлегін апарған. Сондай-ақ, балаға қатысты тойында қоржын-сандығын дайындаған. Сандықта бас киімінен аяқ киіміне дейін киім-кешектерін тігіп, тоқып, батасын беріп сыйға тартқан.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«ЖАҒЫҢДЫ ТАЯНБА!» деген тыйым текке айтылмайды



Жаңа туған сәбиге неге ИТКӨЙЛЕК кигізеді?