​Күйеу балаға қатысты КӘДЕлер

0
2 665

Күйеу балаға қатысты қандай жоралғыларды білесіз?


​Күйеу балаға қатысты КӘДЕлер

фото: massaget.kz

Күйеу келтіріп, қыз ұзатқан қазақтың күйеу баласына қояр сұрағы да, беретін сынағы да, міндеті де, құрметі де болған.

Тұрмысқа шығатын қыз баланың қандай салт-дәстүрлерден өтетінін бәріміз жақсы білеміз. Ал «Қазақтың күйеу баласы қандай болуы керек?», «Күйеу жігіт қандай салт-дәстүрлерден өтеді?», «Күйеу жігіт нені білуі керек?» деген сұрақтарға жауап беруге екінің бірі тосылып қалатыны сөзсіз.


Күйеу жігіт нені білуі керек?

Негізінен, құдаласып, уәдесін шегелеп, қалыңмал төленген соң, жігіттің ата-анасы жігіттің жанына күйеу жолдас деген бірнеше жігітті дайындап, оған қалыңдықтың ауылына барғаннан кейінгі жасалынатын кәде-сыйлардың барлығын дайындап береді.

Күйеу жігітті жолдастарымен қалыңдықтың ауылына аттандырған кезде күйеу жігіттің өзі қыз ауылына жақындай бергенде кідіріп қалып қояды да, жолдастары қыздың үйіне тікелей келеді. күйеу жігіттің жолдастары «ілу», қыз анасына арналған «сүт ақы» деген кәделерін қалыңдықтың ата-анасына табыстайды.

Егер жігіт жақтың әкелген сый-сияпатын қыздың әке-шешесі, ағайын-туысы, ағаларыұнатса, жолдастарын аттан түсіріп, үйге кіргізіп, сыйлы қонақ етіп күтеді. Егер күйеу жігіттің жолдастары аманат етіп алып келген осы кәделерді ұнатпаса, күйеу жігіттің жолдастарын да, күйеу жігіттің өзін де ауылдан ит қосып қуып жіберетін жағдайлар да кездескен. Сондықтан, мұндай абыройсыздыққа тап болмас үшін жігіттің әке-шешесі барынша қамданып, кәделерді өз орнымен орындауға тырысқан.


фото: ticketon.kz

Күйеушатыр деген не?

Күйеу жігіттің болашақ қайынжұртына арнаған сый-сияпаттары қыз жақтың көңілінен шығып, екі жақ құдалыққа келісім берген сәтте қыз жеңгелері ауылдың жігіттерін жинап, ауыл шетінен «күйеушатыр» деп аталатын шатыр тіккізеді.

Осы кезден бастап, негізгі кәделер орындала бастайды. Мұны күйеу жігіттің «ұрын баруы», «ұрын той» деп те атай береді. Өйткені, әлі құдалық бекітіліп, құйрық-бауыр асатылмаған соң, күйеу жігіт бұл ауылға әлі де бөтен адам. Сондықтан, қыздың әкесі мен ағаларының көзіне түспей, оңаша отау тігілген, күйеу жігітке арнап.

Қалыңдықтың ауылына алғаш келіп, бірақ қыз үйіне беттемей, жолдастарын алдын ала жіберіп, хабар күтіп тұрған күйеу жігіттің алдынан қыздың жеңгелері шығып, «ентікпе» кәдесін сұрайды.


Ентікпе

«Біз күйеу жігітті қашаннан бері асыға күтіп жүрміз. Енді сені шақыруға ентігіп келдік» деп ақысын сұрайды. Бұл ақы «ентікпе» деп аталады. Жеңгелерге күйеу жігіттің беретін кәдесі. Әйел адамдарға арналған сый-сияпат болады. Мысалы, айна-тарақ, көйлектік кездеме, әшекей бұйымдары секілді сый-сияпаттар болады.

Содан кейін күйеу жігітті өзіне арнап тігілген күйеушатырға алып келеді. Осы жерде күйеу жігіттің шыдамдылығы, мінезі сыналады.

Күйеу жігіттің шатыры оңаша тігілуінде де мән бар. Қыз ауылына алғаш келген күйеу жігітті қыздың әке-шешесі, ағалары көрмеуі тиіс. Егер олардың көзіне түсіп, көрініп қалса, күйеу жігіт айыбы есебінде өтеу төлеген.

Өйткені бұл қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүріне деген құрмет. Күйеу жігіттің әдебі ретінде оның барынша сабырлы болып, қыз жеңгелерінің әзіл-қалжыңына ренжімей, ашуланбай өзін жақсы тұсынан көрсете білуі дұрыс.

Күйеу жігіттің қыз ауылына келгенде жасалатын кәделері «ентікпеден» бастап, «шатыр құру», «бақан тастар», «ит ырылдатар», «кемпір өлді» деген дәстүрлер бар. Осының барлығы бүгінде өкінішке орай, ұмыт қалып бара жатыр деуге болады.


Күйеу табақ

Ал құдалық бекітіліп, қалыңдықты ұзатып алып кетер тұста, «күйеу табақ» рәсімі орындалады. Күйеу табаққа төс салынады. Оның да мағынасы бар. Төстей майлы болсын, екі елдің ортасын ұстап, біріктіріп тұратын төс секілді мықты болсын деген ырымнан туындаған. Ал төсті жеген күйеу бала күйеу табақты ұсынған жеңгелеріне міндетті түрде кәдесін береді. Мұның барлығы да кезең-кезеңімен орындалып отырған.


Күйеу аттандыру

Бұл ең соңғы кәде. Үйленген жастардың некесін қалыңдықтың ауылында қиятын болған. Заңды түрде ерлі-зайыпты атанып, неке жарияданған соң, қалыңдық пен күйеу жігітті ауылына аттандырып салады.

Осы үрдісті «күйеу аттандыру» деп атайды.

Кей жерлерде қалыңдықтың ауылына сән-салтанатымен аттанып бара жатқан күйеуді өз жұрты ақ батасын беріп, шығарып салғанда да осы «күйеу аттандыру» дәстүрі орындалып жатады. Қайынжұртыңа сыйлы болып барып, абыроймен қалыңдығыңды алып кел деген ізгі тілек жатыр мұның астарында.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Жүрер жолдың уақытын кесіп айтуға болмайды


Қыз балаға СЫРҒАНЫ НЕШЕ ЖАСТА тағу керек