​ПЫШАҚты жақыныңа сыйлауға болмайды

0
5 600

Ағайын-туыс, жақын адамдардың арасында бір-біріне пышақ сыйламайды.


​ПЫШАҚты жақыныңа сыйлауға болмайды

фото: guns.allzip.org

Пышақ қауіпті зат болғандықтан, онымен ойнауға, жүзін жалауға, адамға кезенуге болмайды. Сол себепті де оны сыйға бсрмейді және сұрап, қалап алмайды.

Біреуге пышақ ұсынған кезде ұшын өзіне, сабын кісіге қаратып береді. Бұл бір жағынан кісіге қарап суық қару кезенбеу болса, екінші жағынан сақтық шарасы ретінде қолданылатын ырым-тыйым.
Ет кескенде қатар отырған екі кісінің біреуі ғана пышақ ұстайды. Бұл да сақтық шарасы. Дастархан басында, ас желініп болған соң, дастарханға бата жасап, Құран оқылатын кез келгенде пышақ, шанышқы секілді ұшы өткір заттарды дастархан басынан алып тастайды. Мұны көріп жүргеніңізбен, сыры неде екенін біріңіз білсеңіз, біріңіз білмесеңіз керек. Құран оқылған кезде дастарханнан пышақты жасырып қою себебі де қауіп-қатерден қорғану. Өйткені сіз әртүрлі адамдармен дастархандас болуыңыз мүмкін. Олардың арасында ауызекі тілде айтқанда «арқасы бар» адам отыруы мүмкін. Құранның әуезді үні естілгенде кейбіреу ол жерде отыра алмайтындай халде болуы мүмкін. Анығырақ айтқанда жын тиген адам. Оны ешкім білмеуі мүмкін.Сондықтан алдында тұрған пышақты жанындағыларға сілтеу қаупін төмендету ниеті бар бұл жерде.
Біреудің пышағымен ет кескенде құры қайтармайды. Ұшына май немесе ет шаншып береді.

Бір нәрседен шошынғанда пышақты жастықтың астына қойып ұйықтайды. Мал баққан адам құр қол жүрмейді, қынды пышақ алып жүреді.
Пышақтың жүзін көкке қаратып қоймайды. Бұл үйдің малы не жаны пышаққа түссін деген жаман ырымды білдіреді. Жақын адамнан пышақ, ине алмайды. Олай етсе аралары суып кетеді деп ырымдайды.
Қазір жиын-тойға, қонаққа барғанда бұрынғыдай қалтасына бәкісін салып жүретін ақсақалдар қалмады шыны керек. Бәкі - серіппемен ашылып-жабылатын, асыл болаттан соғылған шағын өткір пышақ. Оны "шаппа" деп те атайды. Түркі тектес татар, башқұрт тілдерінде "вәке", "бәке", "мәкі" деген сөздер ойық, жырық деген мағынада айтылады. Бәкі сөзінің түп төркіні содан шыққан болу керек.

Кей жерлерде қазақтар сақал-шаш алатын ұстараны да бәкі деп атаған. Бәкі жабық күйінде қалтаға салып жүруге өте қолайлы. Былғарыдан тіккен қынға салып, белбеуге іліп те жүреді.
Бұл да пышақты жөнімен қолданудың және күнделікті өмірде аса қажетті бұйымдардың бірі болғандығының маңыздылығын көрсетеді.

фото: shevknife.ru

Өмірімізге қажетті құралдың өз орнын білу маңызды және қазақ ырым еткендей, жақын адамыңа сыйламаған дұрыс. Қыз жасауын апарғанның өзінде де ыдыс жиынтықтарының ішінен пышақты таппайсыз. Егер мұны білмегендей жағдай болып, қыздың жасауына пышақ қосылып кетсе, келіннің енесі құдағиына ақы ұсынып, пышақты сатып алатын болған. Әйтпесе құдалардың арасына салқындық түсіп, «қырық пышақ» болуы мүмкін деп жақсылыққа жорылмайды. Осы ырымдарды әрдайым есте сақтап, білместікке жол бермеуіңізді қадағалаңыз.

Жинақтаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«КІНДІК ШЕШЕ» деген кім, атқаратын қызметі қандай?


«ЖАҒЫҢДЫ ТАЯНБА!» деген тыйым текке айтылмайды