"Жаман болады" дегеннің де себебі бар.
фото: topuch.com
Қазақтың ырым-тыйымдары өте көп. Оның әрқайсысының мағынасын ашып, терең түсіндіріп бермегендіктен, бүгінде ырым-тыйымдарға аса мән бермейтін ұрпақ өсіп келеді.
Кез келген адамнан сұраңызшы, қазатың көптеген тыйымдары бар ғой, соның бірін «неліктен олай жасауға болмайды?» деп сұрасаңыз, ешқайсысы мандыртып жауап бере алмайды. Себебі өзі де оның себебін білмейді. Оған ешкім ежіктеп айтып, себебін түсіндіріп бермеген.
Сіз балаңызға ата-бабалардан жалғасып келе жатқан тыйымдарды айтып, «олай жасама, жаман болады» десеңіз, бала оны түсінбейді. Қайта өзіңізге қарап, «Не болады?» деп сұрақ қояды.
Ал осы «не болады?» деген баланың сұрағына тұщымды жауап берген ересек адам бар ма? Олар өте аз. Себебі, олардың өзінің де бала күнінде ешкім түсіндіріп айтпаған. Сондықтан, ырым-тыйымдардың түбіне үңіліп, осылай болады деген тартыншақтау жоқ.
Содан келіп, «қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деген тәмсілді шығарып алған. Әсілінде қазақтың әрбір салт-дәстүрі болсын, ырым-тыйымдары болсын, түбінде жатқан терең ғибрат бар. Осыны аша білуіміз керек.
Қоғам дамыды, адамдар өркениетке қарай аяқ басты, ескіліктің қалдығына «шомылудың» қажеті жоқ деп тапсақ та, шынында да ата-бабаларымыздың ұстанған жолымен жүрсек, ырым-тыйымдарына атүсті қарамасақ, ұрпағымыздың болашағына жарқын жолды көрсетіп берер едік.
Білім-ғылымның заманы деп тек қана баласының білімді азамат болғанын қалайтын ата-ана оның жүрегіне құя білуі керек. Білім екі түрге бөлінеді, бірі-бастағы білім, екіншісі-жүректегі білім. Бастағы білім- ол адам көп нәрсені білуі мүмкін, үйренгені де көп. Қолында бес дипломы бар, бірақ оның өзіне де, елге де пайдасы жоқ. Жалпы елді айтпағанда, өзінің туған-туыстарына, тіпті ата-анасына пайдасы жоқ ұрпақты тәрбиелемейік десек, тыйымдарға мән беру қажет-ақ.
фото: bugin.kzБұрығы мен қазіргіні салыстырып қарағанда әрине жер мен көктей айырмашылықтарды табуға болады. Дегенмен, тамырынан ажырап қалмаған ұлт қана өсіп-өне алады, ұлт ретінде жоғалып кетпейді.
Мысалы қарапайым ғана «Жағыңды таянба!» деген тыйымға зер салып қарайықшы. Ырымға қарсы келуден адам баласына келетін қауіптерді ескере жүріп, бұл жолдан таймағанымыз дұрыс. Дін мен дәстүрдің бір-біріне қарама-қайшылығы жоқ. Ислам дінін ұстанып келе жатқан ата-бабаларымыздың ұрпағына жамандықты насихаттамайтыны да белгілі. Ендеше ырым-тыйымдардың да шығу тарихы діннен бастау алатыны ешкімге жасырын емес.
Балалардың ырым-тыйымдарды естігенде «не болады?» деп сұрауы да орынды. Өйткені, бала кезеңіндегі мифологиялық ойлау жүйесі ата-бабамыздың тамырына жақындау бір кезең болады.
Қандай да бір тыйым айтып, баланың іс-әрекетіне қатысты тыйым салар болсаң, «Неге? Неге?» деп көп сұрайтын себебі де сол. Сол кезде ата-әжелер, үлкендер сұрақ қойған балаға, бұл тыйымның себебін білуге тырысқанда жауабын да қоса беруі міндетті. Жауапсыз қалған сұрақтан бала ешқандай ой түйе алмайды.
Біздің де бала кезімізде үлкендердің «жағыңды таянба!», «апақ-сапақ мезгілде ұйықтама!», «тізеңді құшақтама!», «таңдайыңды тақылдатпа!» деп көп тыйымдар айтатыны болатын. Әрине дүниетанымы қалыптасып келе жатқан бала бәрін білуге құлшынады. Сондай кездерде үлкендер тарапынан айтылған тыйымдардың себебін білгісі келсе де тұшымды жауап ала алмай, тек қана «жаман болады!» деген сөзбен шектелген соң, бұл жауапқа қанағаттанбайды. Соңында «не болатынын көрейін» деген қызығушылық оны бұл тыйымдардан, ырымдардан тартыншақтауды жеңіп шығады.
Ырым-тыйымдарға немқұрайдылық осыдан келіп шығып жатқанын да ойлауымыз керек.
Бала кезімде мен де мұндай тыйымдарды көп естігенмін. Менің де балалық қызығушылығым осы сұрақтарды қоюыма түрткі болған. Сонда әжем «жаман болады!» деп бір ауыз сөзбен тұжырымдамай, неліктен олай жасауға болмайтынын ерінбестен түсіндіріп беретін. Сонда ғана баланың санасына бұл құйылады.
«Жағыңды таянба!» деген тыйым сөздің мағынасы былай екен.
Жақты қайғырып, бағы қайтып отырған адам ғана таянады. Қазіргі тілмен айтқанда психологиялық тұрғыдан шаршап, еңсесі түсіп, жүдеп-жадап, мына өмірдің қызығы біткендей түңіліп жүрген адам ғана жағын таянатын болған. Мына өмірде таянатын ештеңем қалмады, сүйенерге күшім қалмады деп қайғырғанның белгісі. Сондықтан «жақты таяну ырымға жаман» деп әжелеріміз тыйым салып отырған. Сіз бұл ырым-тыйымға сенесіз бе?
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы оқыңыз:
Жаңа туған сәбиге неге ИТКӨЙЛЕК кигізеді?