​Жүрер жолдың уақытын кесіп айтуға болмайды

0
2 414

"Қайда барасың? Қашан келесің?" деген сұраққа нақты кесіп жауап беруге болмайды


​Жүрер жолдың уақытын кесіп айтуға болмайды

фото: voxpopuli.kz

Жалпы қазақ ырым етеді ғой, жолға шығар уақытыңызды өзіңізге ыңғайласаңыз да, айналаңыздағы жандарға, өздері сұрап жатса да «пәлен күні жолға шығамын» деп нақты кесіп айтуға болмайды. Өйткені жолдың да киесі бар және алдағыны Алла біледі. Сондықтан, ниет етсеңіз де, «Алла қаласа», «Құдай бұйыртса» деп сөйлегеніңіз дұрыс болар. Егер жүрер жолдың уақытын кесіп айтсаңыз, барар жеріңізге аман-есен жетуді Алладан сұраңыз. Алланы еске алмай, сенімді түрде «мен барамын» десеңіз, ол құдайға астамшылық, күпірлік болады. Жол жүретін адам «Алла жазса», «Алла жол берсе», «Құдай қаласа», «Барар жердің дәмі тартса», «Жол бойындағы әруақтар қолдап, Алла оңдаса» деп тілек тілегенде, жол бойындағы кедергілердің бәрі аластатылады.

Талай мысалдар келтіруге де болады бұл жайлы. Адам өзі білмеуі мүмкін, бірақ кейде адам қатты қуанса да өзі болып-толғандай айтып жатады.

Әсіресе мұндай жәйттар үйленуге қадам басып, қуанышын жасыра алмай, жастықпен астамшылық айтып жататын жастардың басында көп кездесіп жатады.

Жол мұраты жету емес пе? Жолда жүргенде Аллаға сыйынып, жол кедергілерінен сақта деп дұға етіп жүрген дұрыс. Жол қателікті кешірмейді.

Аяқ астынан тап болатын қырсықтар мен бәле-жаладан алыс ете гөр деп Алладан жәрдем тілеп жолға шыққанның жәрдемі де көп.

фото: massaget.kz

Бұрынғы кезде тіпті ер адам үйден ниеті етіп шығып бара жатқанда әйел кісі одан «қайда бара жатырсың?» деп жөн сұрамаған. Олай етсе, жолымды кестің, енді барғаннан пайда жоқ деп үйіне кіріп бүк түсіп жатып алатын болған екен деген аңыз әңгімелер де бар. Тіпті есіктен шығып бара жатқанда «қайда барасың? Қашан қайтып келесің?» деген сұрағы үшін әйелінің арқасынан қамшымен осып, «сен мен менің жолымды кестің, енді ешқайда бармаймын» деп ашуланғаны да орынды деп түсінетін халық едік.

Жолдың киесін жақсы ұғатын әжелеріміз де үйден жиналып шығып бара жатқан ер азаматына «Жолыңыз болсын!» деп қана тілеулестігін білдіріп отырған. Ал отағасы үйдегі жарын уайымдатпау үшін «Алла жол беріп, сәтін салса, пәлен жерге бара жатырмын. Амандық болып, тірлігім бітсе, пәлен уақытта қайтамын» деп ескертіп кететін болған.

Келіндердің құлағына алтын сырға болсын, ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан осы үрдісті ұмытпауға тырысыңыздар.

Әйтпесе, қазақ ырымшыл халық, барлық нәрсені жақсылыққа жорығанымызбен, кейде оқыс жағдайлардың болуын «мен бірдеңені дұрыс жасамадым» деп өзінен кінә іздеген.

Бір оқиғаны баяндайыншы.

Ауылға «келін келеді» деп алашапқын болып дайындалып, той қамымен әуре болып жүрген жандардың тойы болудың орнына жаназасы шыққан мысалдар жетерлік. Бұл сәйкестік, талқаны таусылған шығар деп жұбату айтсақ та, жолға шығар алдында әдеттегіден өзгеше құбылып, үйленетін болдым деп қуанған жігіт кездейсоқта апатқа ұшырап мерт болды.

Жаман айтпай, жақсы жоқ алдағыны адам білмейді, Алла біледі. Сондықтан, әрдайым Аллаға тәуекел етіп, жүрер жолдың кедергісіз болуын тілеп жүрген адамның міндетті түрде жолы болады. Алла оған жәрдемші болады.

Әрдайым үйден шығарда табалдырықты оң аяғыңызбен аттап, іштей тілек тілеп шығыңыз.


Жолға шыққанда
Әуелі лажы болса жол жүрерде «Сапар намазын» оқып, «Ей, Аллаһ, өзіңе өзімді тапсырдым,түрлі қауіп-қатерден сақтай көр.Тәуекел еттім» деп ниет етіледі. Содан соң мына дұғаны оқысын:
«Бисмилләһи,тәуәккәлту ъалал-лаху уә лә хаулә уә лә қууатә иллә билләһи» делінеді және де мүмкіндік болса,әрдайым жол жүрерде садақа беріп шыққан пайдалы. Өйткені садақа адам баласына төніп келе жатқан пәлекетті қайтарады.

Көлікке мінгенде айтылатын дұға
«Бисмилләһи,әлхамдулилләһи». Яғни, Алланың атымен бастаймын, Құдайға шүкір деген мағына.

Жоғары көтерілгенде және төмен түскендегі дұғасы
Жоғары көтерілгенде: «Аллаһу Әкбар», ал төмен түскенде: «Субханаллаһ» қайталап айтылады. Жолыңызды кесетін сөздерді айтпауға тырысыңыз.

Алдағы уақытқа болжам жасамаңыз, болжам жасайтын жағдай болса, дұға етіп, Алладан жәрдем тілеңіз!

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Қыз балаға СЫРҒАНЫ НЕШЕ ЖАСТА тағу керек


ПЫШАҚты жақыныңа сыйлауға болмайды