​5 G интернеттің қандай зияны бар?

0
2 708

Бұрынғыдан 40 есеге жылдамырақ жұмыс істейтін интернеттің бесінші буыны енді бізге де келмек.


​5 G интернеттің қандай зияны бар?

Үкімет басшысы Асқар Маминның айтуынша жыл соңына дейін еліміздегі 2 мегаполисте жоғары жиіліктегі интернет орнатылмақ. Артынша, дәл осындай сапалы желі 50 мыңнан астам ауылдарға да жетеді. Алайда, халық жылдам жұмыс істейтін электромагниттік желі денсауылыққа зиян болуы мүмкін деп даурығуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазірдің өзінде жүйткіген интернеттің кесірінен гаджеттен бас алмайтындар көбейді. Бала біткен интернетке байланды, дейді жұрт. Ал, елімізге 5 G келсе, пайдасынан бұрын кесірі көп тимей ме, денсаулыққа зиянды емес пе? - деп алаңдайтындар да бар.

Білікті онколог Дәурен Әділбай жұртшылықтың пікірімен келіседі. Оның айтуынша, жоғары жиіліктегі интернеттің электромагниттік толқындары адам денсаулығына зиянды. Себебі, денедегі тіндер бұл толқындарға бейімделсе де бас ауруы жиілейді екен. Қан қысымының көтерілуі, жүрек дертінің пайда болуы да түрлі сәулелердің әсерінен, дейді ол.

Дәурен Әділбай, онколог:

"5 G- жүйесінің жиілігі жоғарылау болғандықтан ондай станциялардың сигналдың жүруі әрі қашықтығы қысқарақ. Сондықтан, станцияларды көбірек қою керек болады. Қазіргі 4 G-ге қарағанда олар 3-4 есе көбірек станция қоюға мәжбүр болады. Соның да зияны бар".

It-саласының мамандары 5 G ді енгізгенмен, ұлттық қауіпсіздікке мән берген жөн деген ойда. Себебі, бүгіннің өзінде кез-келген адамның әлеуметтік желідегі парақшасын бұзу, бұғаттап тастау оп-оңай. Осылайша, біреудің жеке дүниесіне қол сұғу көбейді. Сондықтан, жылдам интернеттің бары жақсы, бірақ қауіпсіздік те маңызды, дейді.

Жанат Нұрбекова, IT-маманы:

«Мына мәліметтердің суверинтетті тұрғысынан 5 G-ді елімізде енгізу, тексеріп алмай яғни ол құрылғылардың арасындағы байланысты іске асыратындықтан әртүрлі террорлық қарым-қатынас болуы мүмкін. Сол беріліп жатқан мәліметтерді соған кірігіп әртүрлі ақпаратты бұру жағынан қандай да бір әрекеттердің болмасына кім кепіл?»

Көпшілікті алаңдатқан желі жергілікті инвесторлардың қаражатына салынбақ. Ал, интернетті дамытуға соңғы 10 жылда 1 триллионға жуық қаражат жұмсалыпты. Үш қалаға кететін шығынды ескермегенде, шалғайдағы 50 мың елді мекенге қыруар қаражат кететіні айтпасада белгілі. Бірақ, инфрақұрылымы жоқ ауылда қымбат интернет жөнді істей ме? -деген сұрақ тағы бар.

Асқар Жұмағалиев, ҚР цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

«Біз тағы да сарапшылармен бірге зерттеушілермен бірге талдау жасап, сіздерге барлығыңызға ақпарат береміз».

Ведомства ақпаратына қарағанда Қазақстан АҚШ, Оңтүстік Корея, Швейцария, Эстония елдерімен қатар жаңа желіні пилоттық негізде енгізуге көшкен әлем елдерінің ондығында. Алайда, "бесінші буын" байланыс желісі жобасы тағы да бір талқыға түсіп, тексеріледі дейді министр. Егер денсаулыққа зияны жоғары болса, рұқсат етілген мөлшерінен асырмауды қадағалаймыз, деуде.

Дереккөз: Еуразия бірінші арнасы