​6 айлық баласы бар: Павлодарда әйелді күйеуі көшеде пышақтап кетті

0
521

Күйеуінен зардап шеккен әйелдің бетін тіккен.


​6 айлық баласы бар: Павлодарда әйелді күйеуі көшеде пышақтап кетті

ERNUR.KZ. Әйел адам жұмыстан шығып, үйіне кетіп бара жатқан кезде ту сыртынан бес жерден пышақпен жарақаттаған, деп жазады pavlodarnews.kz.

Бұл туралы НеМолчиKZ қорының президенті Дина Таңсәрі Іnstagram әлеуметтік парақшасында жазды.

- Менің үш балам бар. Ең кішісі – алты айлық. Амангелді көшесі бойымен келе жатқанда Назарбаев даңғылының қиылысында артымнан күйеуім шабуылдап, бетім мен иық тұсымнан, басым мен қолымнан бес рет пышақтады. Күйеуіммен бір айдан астам бірге тұрмаймыз. Қорғаныс ұйғарымы болған. Үнемі айыппұлмен құтылып кетеді. Бұған дейін Ақсу қаласының ішкі істер бөліміне жүгіндім, дегенмен ешбір нәтиже болмады, - дейді жәбірленуші.
17 қараша күні жолдасы жасырын нөмірден қоңырау шалып, өлтіремін деп қорқытқан. Жұмыстан шыққан кезде әкесі жолдан алып кету керек болған. Сол кезде телефонмен тәтесімен сөйлесіп тұрған кезде жолдасы пышақпен жарақаттаған. Қарсылық таныта бастаған кезде бетінен пышақпен тіліп, иығы мен сол жақ қолын жарақаттаған.

"Мен телефоннан өлтіріп жатыр деп айқайлай бастадым. Сол кезде ол пышақты қалтасына салып, № 24 мектеп жаққа қарай кетті. Әрі қарай тәтем анама қоңырау шалды, мен 102 нөміріне хабарласып үлгердім. Олардан жедел жәрдемді шақыруды сұрадым. Жедел жәрдем келгенге дейін көп қан жоғалттым. Полиция тағы да денсаулыққа жеңіл дәрежеде зиян келтірілді деп, әкімшілік құқық бұзушылық ретінде ауыстырады. Ал ол қылмысты алдын ала жоспарлап, өлтіруге келген!" - дейді ол.
Қор жетекшісінің жазуынша, күйеуінен зардап шеккен әйелдің бетін тіккен, енді ол тыртық өмір бойына қалады. Сондай-ақ ол қорғау ұйымдарының нәтижесі жоқ екенін айтқан.


Облыстық полиция департаментінде аталған факті бойынша материал Павлодар қаласы полиция басқармасы орталық полиция бөлімінде тіркелген. Тексеру жүргізілуде, барлық материалдар зерттеледі. Сараптама тағайындалды, соның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады.