9 жалған кәсіпорын ашқан ұйымдасқан қылмыстық топқа үкім шықты

0
2 458

Құрамында 5 адам бар топқа қатысты істі тергеуді ҚР ҚМА ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаменті жүргізген.


9 жалған кәсіпорын ашқан ұйымдасқан қылмыстық топқа үкім шықты

ERNUR.KZ. ШҚО және Павлодар облыстарының аумағында ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан тағы бір ұйымдасқан топтың жолы кесілді. Іс жүзінде қызмет көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпестен шот-фактура жазып берумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты, деп жазады inbusiness.kz.

Құрамында 5 адам бар топқа қатысты істі тергеуді ҚР ҚМА ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаменті жүргізген. Тексеру барысында, ұйымдасқан топтың басшылары 2018 – 2020 жылдар аралығында ШҚО және Павлодар облыстарының аумағында өздерінің таныстары мен туыстарының, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен жандар мен сотталғандардың атынан 9 жалған кәсіпорын ашып, заңсыз қызметті жүзеге асырғаны анықталған.

«Шындығында кәсіпорындар ұйымдасқан қылмыстық топ бақылауында болып, олар контрагенттерді салықты төлеуден босату мақсатымен жалған есеп-шоттарды жазып берумен айналысқан. Екібастұз, Павлодар және Өскемен қалаларында кәсіпорындардың тіркелу орындары мен фигуранттардың мекен-жайларына тінту жүргізу барысында жалған кәсіпорындардың бухгалтерлік құжаттары, мөрлер, компьютерлер мен крипто кілттер, чек кітапшалары, 9 миллион теңге ақша қаражаты алынды»,– деп жазылған хабарламада.

Өскемен қаласы №2 сотының үкімімен ҰҚТ ұйымдастырушылары мен мүшелері ҚР ҚК 262 бабы 1-б. және 216 бабының, 3-б. бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.