Ол 2019-2020 жылдар аралығында патронат және көмек көрсеткені үшін жалпы сомасы 705 000 теңге пара алған.
ERNUR.KZ. Ақтауда шенеунікке 30 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Қылмыстық іс Ақтау қалалық сотында қаралды, деп жазады Stan.kz.
Іс материалдары бойынша, Маңғыстау облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары лауазымды тұлға бола тұра фермерлік шаруашылықтарда күн панельдерін орнату үшін берілетін субсидияларды бақылап, қабылданатын шешімдерге ықпал етіп отырған. Ол 2019-2020 жылдар аралығында патронат және көмек көрсеткені үшін жалпы сомасы 705 000 теңге пара алған.
Қылмыстық істің екінші фигуранты мемлекеттен субсидия алу мақсатында "Qoldau" порталына жалған шарттар енгізіп, онда сатып алынған тауарлардың нақты құнынан жоғары бағаны көрсеткен. Өзінің алаяқтық әрекеттерімен мемлекетке 6 903 275 теңге мөлшерінде материалдық залал келтірді.
Сот үкімімен ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігінің 4-тармағына (лауазымды адамның заңсыз іс-әрекеттері үшін ақша түрінде бірнеше рет пара алуы), ҚР ҚК 371-бабының 2-бөлігіне (лауазымды адамның не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның өз мiндеттерiн қызметiне адал қарамауы немесе ұқыпсыз қарауы салдарынан орындамауы немесе тиісінше орындамауы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулі зиян келтіруге әкелуі) сәйкес кінәлі деп танылды. Оған 40 еселенген пара сомасы, яғни 28 200 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды.
Оның сыбайласы ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы (алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) бойынша кінәлі деп танылды. Оған үш жылға шартты мерзім беріліп, пробациялық бақылау орнатылды.
Тағы екі сотталушы 367-баптың 2-бөлігі бойынша жазаға тартылды (лауазымды адамға айтарлықтай мөлшерде пара беру). Олар пара сомасының 20 еселенген мөлшерінде айыппұл төлейді.