Ақтөбеде малшылар тұрақты жалақы алатын болды

0
1 131

Малшылар тұрақты жалақы төлемеген соң 2-3 айда жұмысын тастап кетеді. Далалықта, қыстың аязы мен жаздың ыстығына қарамай мал бағып жүрген адамдар уақтылы жалақы алуы тиіс


Ақтөбеде малшылар тұрақты жалақы алатын болды

ERNUR.KZ. Ақтөбеде малшылардың ай сайын жалақы алуы үшін «Көмек» жобасы іске асырылады. Бұл шаруашылықтардың бақташы тапшылығы мәселесін шешуі тиіс, деп жазады ҚазАқпарат.

Ақтөбе облысы бойынша шаруашылықтардың ортақ мәселесі бар. Ол - мал бағатын адам тапшылығы. Малшылар тұрақты жалақы төлемеген соң 2-3 айда жұмысын тастап кетеді. Сондықтан «Көмек» жалақы жобасы қолға алынды. Жоба «Ақтөбе» ӘКК» АҚ арқылы іске асырылады.

«Далалықта, қыстың аязы мен жаздың ыстығына қарамай мал бағып жүрген адамдар уақтылы жалақы алуы тиіс. Ал шаруашылық басшылары айлық бермейді. Сөйтіп 2-3 айда адам ауысып, бақташы таппай жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Ақтөбе» ӘКК» АҚ кепіл болып, екінші деңгейлі банк ай сайын малшыға жалақы аударады. Отбасында балалары бар, туыстары бар, қыдырғысы келеді. Сол кезде ақша таппайды. Ақша болмаса жұмыс та істемейді», - деді «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Маханов.

Жобаға «Ақтөбе» ӘКК» АҚ мен «Даму» қоры кепіл болады. Ал екінші деңгейлі банк несие береді. Келісім бойынша шаруашылық басшысы сол қарызды өтейді. Мәселен, шаруа қожалықта 8 жұмысшы болса, оның орташа жалақысы 120 мың теңге. Ай сайын 960 теңге қажет. Банк ақша бергені үшін 5 пайыздық үстемеақы қосады. Үстемеақы бір айда 1 қойдың құнымен, яғни, шамамен 38 мың теңгеге шығып тұр. Банк бір жылда 11 миллион теңгеден астам қаржы аударып, шаруашылық иесі шамамен 460 мың теңге қосып қайтарады.

«Шаруашылық иелері малшыларға ай сайын жалақы төлей алмай отыр. Жоба бойынша әр айдың бірінші күні банк ақша төлейді. Қазір Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданындағы «Степное» шаруашылығы келісім жасады. Екінші деңгейлі банкпен арада келіссөз жүріп жатыр», - деді Әнуар Маханов.