Ақтөбеде жаппай төбелес кезінде студентті өлтіріп тастаған сотталушыларға үкім шықты

0
253

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық», «Адам өлтіру» баптарымен қылмыстық іс қаралды.


Ақтөбеде жаппай төбелес кезінде студентті өлтіріп тастаған сотталушыларға үкім шықты

Фото: Алтынай Сағындықова

ERNUR.KZ. Ақтөбеде колледж студенті әрі спортшы Сұлтанби Оңдасынның өліміне қатысы бар сотталушыларға үкім шықты. Пышақ сұғып, өлтіргендер 18 және 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал жаппай төбелеске барғандар жазасын бостандықта жүріп өтейді, деп жазады inform.kz.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық», «Адам өлтіру» баптарымен қылмыстық іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, қылмыстық оқиға биыл қаңтар айында Ақтөбе қаласында болды. Онда Ақжар және Қызылжар елдімекендерінің жігіттері әлеуметтік желі арқылы өзара сөзге келіп, дүкен маңына жиналады. Ол кездесуге сотталушылар өздерімен бірге 3 пышақ ала барған. Төбелес кезінде 17 жастағы Сұлтанби Оңдасын көз жұмды.

Сот үкімімен Д.Ұзақбаев 18 жылға, Р. Махамбет 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал өзге төрт сотталушыға Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша 4 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

– Сот тағылған айыптың бәрі де өз дәлелін тапты деп есептейді. Д.Ұзақбаев пен Р.Махамбеттің адам өлтіргені, адам өлтіруге оқталғаны өз дәлелін тапты деп санайды. Саны мен екі жақ жамбасқа салған пышақ соққысынан жәбірленуші С.Оңдасынның күретамыры кесіліп, қатты қан кеткен. Ол жарақаттарды салған Д.Ұзақбаев пен Р.Махамбет екені дәлелін тапты. Қалған төрт сотталушылар қайда бара жатқанын білген, пышақты көрген. Жаза тағайындаған кезде сотталушылардың жас екені, үйленбегені, бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағаны, кінәсін мойындағаны ескерілді. Азаматтық талап арыз берілді. Арызда барлығынан 150 млн теңге өндіру деп берілген. Заң бойынша өлімге кінәлі адамдардан ғана өндіруге жатады. Сондықтан Д.Ұзақбаев пен Р.Махамбеттің әрқайсысынан 10 млн теңгеден моральдық шығын өндіріледі. Сонымен қатар 11 млн теңге материалдық шығын өндіру сұралды. Сот 4,6 млн теңге деп есептеп, әрқайсысынан 2,3 млн теңге өндіруге үкім етті. Сонымен бірге әрқайсысынан 2 млн теңгеден жалпы 4 млн теңге қорғаушы көмегіне өндіріледі, - деді судья Нұрлан Бақтығалиев.

Жәбірленуші тарап сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

– Балам Сұлтанби колледж студенті болды. Колледжде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алды. Өзі бокс, грепплингпен айналысты. Соңғы жылдары грепплингтен жүлде алып, Ақтөбенің чемпионы болып та жүрді. Үкімге толық келіспеймін. Қалған төртеуін де бас бостандығынан айыруды сұраймын. Біз апелляциялық шағым түсіреміз, - деді қайтыс болған жәбірленушінің анасы Ботагөз Жайтақова.

Еске салсақ, биыл қаңтарда Ақтөбе қаласында жаппай төбелес болды. Онда екі жігіт көз жұмды. Бұл оқиға бойынша іс екіге бөліп қаралды. Екінші жігіттің өлімі абайсызда болды деп сараланып, сотталушы 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.