Ақылы жолдарды қорғауға арналған қоршауларды ұрлап кетуде

0
981

«Нұр-Сұлтан-Теміртау» учаскесінде 5 мың метрден астам қоршау ұрланды.


Ақылы жолдарды қорғауға арналған қоршауларды ұрлап кетуде

ERNUR.KZ. «QazAvtoJol» ҰК баспасөз қызметі «Ақылы автомобиль жолдар дирекциясы» филиалы ақылы учаскелерде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, соның ішінде үй жануарларының жолға шығып кетпеуін қадағалау мақсатында кешенді шаралар жүргізіп жатқанын жеткізді, деп жазады inbusiness.kz.

Дегенмен, жүргізушілерден шағымдар тоқтар емес.

«Кезекші операторлар тиісті органдарға хабар бергенімен, учаскелік полиция қызметкерлері оқиға орнына жылдам жете алмайды. Ал, жол полиция қызметкерлерінде үй жануарларының иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартуға өкілеттіктері жоқ. Сол себепті, жол-пайдалану учаскелерінің қызметкерлері үй жануарларын жол бойынан өздері қууға мәжбүр. Мысалы, жыл басынан тек үш оқиға бойынша үй жануарларының иесі «әкімшілік жауапкершілікке» тартылған. Себебі, көп жағдайда жануарлардың таңбалары жоқ болғандықтан олардың иелерін табу мүмкін емес»,– деп түсіндіреді компаниядан.

Биылғы жылы «Нұр-Сұлтан-Щучинск» учаскесі бойынша – 28, ал «Нұр-Сұлтан-Теміртау» учаскесі бойынша – 6, «Алматы-Қорғас» учаскесі бойынша 1 жиналыс өткізіліпті. Онда жол қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тәртіп бұзылған жағдайда әкімшілік жазаға тартылу да қарастырылғаны ескертілген.

«Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы үй жануарларының жол үстіне шығып кетпеуі үшін еліміздегі 4 ақылы жолдың бойына жалпы ұзындығы 400 мың метрден астам қоршау да орнатқан көрінеді. Дегенмен, қоршаулар көп ұзамай қолды болады екен.

«Мысалы, «Нұр-Сұлтан-Теміртау» учаскесінде 5 мың метрден астам қоршау ұрланды. Ақылы жолдардың бойына қоршауларды орнату жұмыстары жалғасуда. 2019 жылы «Нұр-Сұлтан-Щучинск» автомобиль жолының бойында 6 500 метрден астам қоршаулар орнатылды. Жоспарға сәйкес, 2020 жылы аталмыш учаскеде 6 мың метрге жуық қоршау, ал «Алматы-Қорғас» учаскесінде 10 мың метрге жуық қоршау орнатылады»,– делінген компанияның баспасөз қызметінің хабарламасында.