Жетісу облысында 800-ден астам объект мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген

0
163

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.


Жетісу облысында 800-ден астам объект мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Жетісу облысында 829 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі – Карта) енгізілген 42 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделуі тиіс. Осылайша, 2023 жылы – Картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%-ы бейімделеді. Қазіргі уақытта ел бойынша 22 980 нысан толықтай бейімделген.

2024 жылдың соңына дейін Жетісу облысы бойынша 447 нысанды бейімдеу жоспарланған, өңірде 829 нысан бейімделіп, жоспар артығымен орындалды.

«Мен мүгедектігі бар азаматтарға арналған арбамен жүремін. Осы жылғы 25 ақпанда Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментіне қаладағы ғимараттардың бірінің иесі Әлеуметтік кодексті бұзғаны туралы өтінішпен жүгіндім. Өтініш жазғаннан кейін аталған ғимаратқа 14 сәуірде қайта бардым, сондағы байқағаным мүгедектігі бар адамдарға бейімделіп, барлық алты кіру аймағынан да қолжетімділік қамтамасыз етіліпті», – деді бірінші топтағы мүгедектігі бар Талдықорған қаласының тұрғыны Вадим Друзин.

Бұдан басқа, 2025 жылдың басынан бастап мемлекеттік бақылау шеңберінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік, сауда және т. б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 10 тексеру жүргізді, оның ішінде 5 жоспардан тыс тексеру және прокуратура органдарының талабы бойынша 5 тексеру болды.

Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 6 ұйғарым берілді, 1,2 млн теңгеден астам сомаға 8 әкімшілік айыппұл салынды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынатын болады.