Негізсіз жалған ақпаратты әлеуметтік желі арқылы тарату қылмыс болып есептеледі
фото: ашық дереккөзден
ERNUR.KZ. Алматы полицейлері Facebook желісінен Жұмақан Бекбасов есімді қолданушының шындыққа жанаспайтын постын анықтады. Азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп жазады ҚазАқпарат.
Ер адам Сейфуллин даңғылы бойынша жұмыс іздеп тұрған 40 адамды полицейлер автобусқа тиеп, қаланың сыртына алып кетті деген ақпарат таратқан.
«Ол - Алматы облысының тумасы. Қазіргі таңда Алматының Түрксіб ауданында тұрады. Жұмыссыз. Тексеріс аталмыш ақпараттың шындыққа сай келмейтінін анықтады. Бұдан бөлек, автор ішкі істер органдары қызметкерлерін балағаттап, тіл тигізген. Осыған байланысты, авторға қатысты полиция қызметкерлеріне көпшіліктің алдында тіл тигізу және көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деді қаланың ІІД-нің өкілі Салтанат Әзірбек.
Күдікті жалған ақпарат таратып, балағат сөз айтқанын бірден мойындады. Ол өз ісі үшін заңмен бекітілген жазаны қабылдауға дайын.
«Осымен бірнеше рет азаматтарды әлеуметтік желілерде тәртіп сақтап, заңмен тыйым салынған әрекеттерді жасамауға шақырамыз. Яғни, көрінеу жалған ақпараттарды таратпауларын сұраймыз. Әрдайым тек ресми ақпарат көздеріне сену керек. Ешқашан негізсіз белгісіз ақпаратты жарияламаңыздар. Өз сөздеріңіздің дұрыстығын бақылау керек. Құлақ аспаған азаматтар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде қарастырылған жауапкершілікке тартылуы мүмкін», - деді С. Әзірбек.