Алматыда бетон зауытында жарылыс болып, маңындағы үйлерді шаң басып қалды

0
488

Жарылыс кеше кешкі сағат 8 шамасында болған.


Алматыда бетон зауытында жарылыс болып, маңындағы үйлерді шаң басып қалды

ERNUR.KZ. Алматыда Павлодар көшесі бойындағы бетон зауытында жарылыс болып, маңындағы тұрғын үйлерді шаң басып қалды. Кейіннен онда цемент құятын шланг жарылғаны анықталды. Экологтар оқиға болған жерде шаң белгіленген көрсеткіштен 3 есе жоғары екенін тіркеген, деп хабарлайды Хабар24.

Айта кетейік, біз бұған дейін де цемент шаңынан көз ашпай отырған Жетісу ауданы тұрғындарының арызы ескерілмей келе жатқандығын бірнеше рет көтерген болатынбыз.


- Осы площадкада бала-шағамызбен қыдырып ойнап жүрген кезде цементте бір дүркін жарылыс болған секілді болды. Үлкен шаңмен дауыл сияқты болды потом выброс дейді ғой үлкен шаң болды. Ол шаңнан балалар қорқып, бәріміз қаштық. Ауа жетпеді ғой, ауа жетпеді. Тынысымыз тарылып қалды, - дейді қала тұрғыны Аққу Байеділова.


- Мен басында «өрт болып жатыр екен» деп ойладым. Кейін айналамызды шаң басып қалды. Шаң болғанда цемент кәдімгі. Осыны бүгін ғана емес, 8 жылдан бері жұтып келеміз. Денсаулығымыз құрыды. Осындағылардың екінің бірінің тыныс алу жүйесі ауырады, - дейді қала тұрғыны Марина Черных.

Жарылыс кеше кешкі сағат 8 шамасында болған. Тұрғындар айтқандай, сол маңда ойнап жүргендердің барлығы шаңның астында қалған. Себебі бетон зауыты тұрғын үйлердің дәл іргесінде орналасқан. Арасы бар болғаны 20 метрден сәл асады. Зауытты жабу мәселесін ондағы жұртшылық 8 жылдан бері тынбай көтеріп келеді. Қанша шағымданса да бұл жәйт шешімін таппаған. Кәсіпорын болса тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Басшылығы барлық құжаттарының заңды екенін айтады. «Ал жарылыс шлангтың істен шығуынан болды. Бәрін қалпына келтірдік» деумен шектелді.


- 15 минуттың арасында бәрін реттедік. Бірақ аспанға ұшқан шаң көрініп тұрды 20 минуттың арасында көрініп тұрды. Ондай істер производствода болады. Жаңағы цементовоздың шлангасын бүкіл жерде сондай қолданады. Шланг высокого давления дейді. Соның бәрін ауыстырып жөндеп қойдық. Енді бұдан былай ондай қайталанбайды деп ойлаймын, - деді цемент зауытының аға инженері Мұрат Нұрдәулетов.

Тұрғындар зауытты көшіруді талап етіп отыр. Ал санитарлық-эпидемиологиялық департамент «Нұртау Темір» серіктестігінің жұмысы талапқа сай. Кәсіпорын эпидемиологиялық қауіптілігі жағынан үшінші сыныпқа жатады. Бұл жағдайда санитарлық аумақ 20 метр болса да жеткілікті дейді. Ал экологтар болса, заң бұзушылықтың бар екенін жасырмайды. Енді қайта тексеру шараларын қолға алмақ.


- Сол оқиға орнында біз сынамалар жүргіздік, атмосфералық ауадан сынамалар нәтижесіне сәйкес, атмосфералық ауадағы шаңның шекті рұқсат етілген концентрациядан 3 есе асқандығы анықталды. Енді осы департамент тарапынан видеоарызға сәйкес, бүгін департаменке ресми арыз шағым келіп түсті сол арыз-шағымға сәйкес осы аталған мекемеге тексерулер жасау бойынша жұмыстар жүргізіледі, - дейді қалалық экология департаментінің бөлім басшысы Марат Сақтағанов.

Өткен айда Жасыл экономика басқармасы серіктестікті сотқа берді. Олар қоршаған ортаға эмиссия үшін берілген рұқсаттың күшін жоюды талап етіп отыр. Сөйтіп, зауытты жабу жоспары бар. Кезекті сот отырысы 10 маусымға белгіленген. Бірақ оған тұрғындар күмәнмен қарайды. Қала әкімдігінен қайран болмаған соң мемлекет басшысынан көмек сұрайды.