Резонанс тудырған оқиға былтыр мамыр айында болған. 20 жастағы Дильназды ұрып-соққан бейнежазба әлеуметтік желіде тараған болатын.
ERNUR.KZ. Алматыда бойжеткенді жыныстық қатынасқа итермелеген қыздарға сот үкімі шықты. Бір жыл бойы сот үкімін күткен Дильназдың анасы басынан кешкенін айтып берді, деп жазады sputnik.kz.
Резонанс тудырған оқиға былтыр мамыр айында болған. 20 жастағы Дильназды ұрып-соққан бейнежазба әлеуметтік желіде тараған болатын. Қыздың анасының айтуынша, бір жылда көрмеген азабы жоқ.
"Жаңадан туғанда жүруді, қасықпен тамақ жеуді үйретіп едім, 20 жасқа келгенде сол күнді басымнан қайта кешіп отырмын. Осы бір жылға жуық уақытта жүрек ауруына ұшырадым. Көзім ілінбей уайым жеген түндер қаншама. Дильназ қазір орнынан тұрды, жүріп тұра алады. Бірақ аяқтары әлі де ісіп кете береді. Әлі күнге дейін сол жағдай түсіне кіріп, шошып оянады. Күдіктілер жазадан құтылып кете ме деп те уайымдаған күндер болды", - дейді Дильназдың анасы.
Жаға ұстатқан қылмыстық іс бойынша екі қызға сот үкімі шықты. Прокурор кінәлілерге 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Ал сотталушылар өз кінәларын мойындамаған.
"Сот үкімімен "Т" есімді азамат тағылған айып бойынша кінәлі деп танылып, 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сотталушының бірі "Н" есімді азамат та тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды, оған 5 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деп хабарлады Алматы қалалық соты.
Сот жәбірленушінің пайдасына моралдық залал ретінде 3 миллион теңге және адвокаттың қызметіне жұмсалған шығын ретінде 600 мың теңгеден өндіріп алды. Сот сотталушылардың жас екендіктерін жазаны жеңілдететін жағдай деп таныды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
Айта кетейік, қылмыстық оқиғаға үш қыз күдікті болған. Үшінші қыздың ісі сотта алдағы уақытта қаралады.