Соңғы ақпарат бойынша, Алматыда 14 483 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған, мегаполис науқастар саны бойынша көш бастап тұр.
ERNUR.KZ. Алматының бас санитар дәрігері COVID-19 инфекциясы таралуының алдын алу бойынша іс-шаралар бекітілген жаңа қаулыға қол қойды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Бір үйде тұратын адамдар санын есептемегенде, 10-нан астам адам жиналып отбасылық, салтанатты, еске алу және басқа да көпшіліктің қатысуымен өткізілетін іс-шараларды, банкет, үйлену той, қыз ұзату, мерейтой өткізуге салынған тыйым сақталады", - делінген құжатта.
Сонымен қатар, халыққа мәдени және ойын-сауық сипатындағы түрлі қызмет көрсететін мәдени-демалыс мекемелері (караоке, кальян, бильярд, түнгі клубтар, боулинг орталықтар, жабық жердегі аттракциондар, фудкорт, кинотеатрлар, ойын-сауық мекемелері жанындағы балалардың ойын алаңы мен батуттар, өзге де ойын-сауық орындары) қызметіне тыйым салынған. Бұдан бөлек, демалыс күндері жабық базарлар жұмыс істемейді.
Қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, барлық санитарлық талапты сақтай отырып, жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері жеке ғимаратта орналасқан қоғамдық тамақтану нысандары 7.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Алайда ұжымдық шара өткізуге болмайды. Көрсетілген уақыт аралығында жеткізу қызметі де жұмыс істейді.
"Заңды тұлғалар, кәсіпкерлік субъектілері ұйымдық-құқықтық нысаны немесе ведомство кімге тиесілі екеніне қарамастан, қызметкерлердің кемінде 30%-ін қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыруды қамтамасыз етсін (штат кестесі 30 адамнан көп болған жағдайда)", - делінген қаулыда.
Қаланың қоғамдық денсаулық басқармасына ауру белгілері жоқ және жеңіл түрде коронавируспен ауырып жатқан науқастарды 100% оқшаулау, сондай-ақ пневмониямен ауыратын науқастарды үйде оқшаулауды қамтамасыз ету тапсырылды. Қаулыға сәйкес, үй карантинін міндетті түрде сақтау туралы қолхат алынады.
Сондай-ақ, басқарма үйде оқшаулауға алынған науқаспен байланыста болған адамды медициналық бақылауға алуы қажет. Үйде емделуге жағдай жасалмаған болса, карантиндік стационарға жатқызылады. Олар 14 күн бақылауға алынады.
Сондай-ақ, науқаспен байланыста болған адамдар Telegram-боттың мобильді қосымшасында тіркеледі. Бұл үй карантинінің сақталуын бақылау үшін қажет.
Оңтүстік астананың бас санитар дәрігері Алматы қалалық мобильділік басқармасына жолаушылардың тығыздығын азайту мақсатында көліктің жұмыс уақытын 23.00-ге дейін ұзартуды тапсырды.
Қаланы цифрландыру басқармасы қала тұрғындары жиналатын орындарды анықтайтын болады.
Сондай-ақ, тұрғын үйлердің кіреберістері мен балалар алаңдарын аптасына бір рет дезинфекциялау қайта басталады.