Алматыда қыздар соққыға жыққан бойжеткен: Полиция қауесеттерге жауап берді

0
722

20 жастағы бойжеткен екінші қабаттың терезесінен секіріп, ауыр жарақатпен ауруханаға түскен болатын.


Алматыда қыздар соққыға жыққан бойжеткен: Полиция қауесеттерге жауап берді

ERNUR.KZ. Қызды жыныстық құлдыққа тарту мақсатында ұрып-соққан қыздарға қатысты істі тоқтатты деген қауесетке Алматы полициясы жауап берді, деп жазады stan.kz.

Құқық қорғау органдары бұл ақпаратты жоққа шығарды. Олардың айтуынша, бұл іс бойынша қылмыстық кодекстің 105-бабы "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу" және 194-бабы "Бопсалау" бойынша тергеу жүріп жатыр.

"Тергеу барысында оқиғаның барлық қатысушысы мен куәгері анықталды. Басты күдікті белгілі болды. Қазір жан-жақтылық, толықтық және объективтілік қағидаттарын қатаң сақтай отырып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Қызды ұрып-соғып жатқан бейнеге қатысты тергеу оқиға 2022 жылдың желтоқсан айында Шымкент қаласында күдікті мен оның танысының қатысуымен болғанын анықтады. Алайда бұл дерек бойынша полицияға шағымдар түскен жоқ. Полицейлер жәбірленушіні іздестіріп жатыр.

Тергеу барысы Алматы қалалық полиция департаментінің басшылығының бақылауында", - деді полиция департаментінің қызметкерлері.

Еске сала кетейік, осыған дейін Алматыда 20 жастағы бойжеткен екінші қабаттың терезесінен секіріп, ауыр жарақатпен ауруханаға түскен болатын. Ол өзін пәтерге кіргізіп, ұрып-соққан жеті қыздан қашпақ болған, олар қыздан100 000 теңге бопсалап, тауып бермесе жігіттерге жыныстық құлдыққа сататынын айтып қорқытқан.