Астанада қызды таңғалдырмақ болған ұшақ жолаушысы бес жылға сотталуы мүмкін

0
1 130

Ер адамды желілік полиция қызметкерлері рейстен түсіріп алды.


Астанада қызды таңғалдырмақ болған ұшақ жолаушысы бес жылға сотталуы мүмкін

ERNUR.KZ. Астана әуежайында жарылғыш зат бар деп хабарлаған жолаушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп жазады tengritravel.kz.

"Астана - Алматы рейсіне отырған жолаушы тіркелу кезінде өзінде бомба барын айтқан. Әуежайда дабыл көтеріліп, қызметкерлерге нысанды жедел түрде тексеруге тура келді. Алайда Астананың халықаралық әуежайындағы авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері нысан аумағында ешқандай жарылғыш зат таппады", - делінген хабарламада.

Ер адамды желілік полиция қызметкерлері рейстен түсіріп алды. Жолаушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша іс қозғалды, енді ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе 14,5 миллион теңге айыппұл төлейді.

"Жалған ақпарат берген ер адам ісін түсіндіру кезінде "оған бой жеткен қыз ұнап қалғанын және онымен әзілдескісі келгенін" айтқан. Алайда авиациялық қауіпсіздік - қалжыңдасатын дүние емес. Сондықтан жолушыларды жауапты болуға және жалған ақпарат таратпауға шақырамыз", - дейді астаналық әуежайдың PR-қызметінің жетекшісі Тойгүл Жұбанысова.

Биыл Астана әуежайында жарылғыш зат туралы 30 рет жалған ақпарат беру жағдай болғанын айта кетейік.