Көрмеде автомобиль жолдарының құрылысы мен оларды жөндеу, күтіп ұстау бағытындағы соңғы ғылыми және технологиялық жетістіктер ұсынылған.
ERNUR.KZ. Елордада «Қазавтожол- Kaztraffic-2018» XV халықаралық көрмесі өтіп жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.
Көрмеде автомобиль жолдарының құрылысы мен оларды жөндеу, күтіп ұстау бағытындағы соңғы ғылыми және технологиялық жетістіктер ұсынылған. Халықаралық шараға 100-ге тарта компания өз өнімдерін әкелген. Оның ішінде елімізден бөлек, Ресей, Беларусь, Германия, Франция, Италия, Швеция, Түркия, Корея Республикаларының өкілдері қатысуда.
«Жол құрылысы желілерін салу мен дамыту біздің министрлік атқаратын мемлекеттік маңызы бар істердің бірі. Өйткені, жол қозғалысы, оның ішінде автомбиль жолдары халық қарым-қатынасы мен ел экономикасы дамуының негізгі тірегі. Үстіміздегі жылы еліміз бойынша 4,5 мың шақырымнан астам республикалық маңызы бар көлік жолдары жөнделді. Ал бүгінгі көрмеге еліміз бен шетелдің 100-ге жуық компаниясының автожолдар мен жол құрылыстары саласындағы соңғы әрі жаңа технологиялары қойылды», - деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр көрменің ашылуында.
Бүгін түстен кейін көрме аясында «Өңірлік жол құрылымдарын дамытудың шешу жолдары» атты ғылыми-практикалық конференция өтеді. Екікүндік шара барысында жол құрылысы саласындағы компания өкілдері өзара тәжірибе алмасып, бірқатар келісімдер жасайтыны күтілуде. Көрме ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен, VS Expo Com компаниясының ұйымдастыруымен Астанадағы «Көрме» орталығында өтуде.