Атырау облысында су тапшылығынан мал қырыла бастады

0
357

Жағдай тез арада шешілмесе, экологиялық апат болуы мүмкін дейді фермерлер.


Атырау облысында су тапшылығынан мал қырыла бастады

ERNUR.KZ. Атырау облысының Исатай ауданында су тапшылығынан мал қырыла бастады. Нарын каналы тозып, жан-жағын қамыс басып, кей жерлері батпаққа айналған, деп хабарлайды Хабар24.

Қазір ауданның айналасы малдың өлексесіне толып кетті. Жағдай тез арада шешілмесе, экологиялық апат болуы мүмкін дейді фермерлер. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы судың тапшылығы болғанымен мал шығыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды деп отыр. Нарын каналының ұзындығы 170 шақырымды құрайды. «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының балансындағы нысан жарты ғасырдан астам жөндеу көрмепті. Бүгінде су тапшылығын жою үшін канал бөліктеріне су айдайтын қосымша насостар орнатылған. Осының арқасында су деңгейі біршама көтеріліпті.

- Бұл су айдаушылардың да кінәсі емес, суларын айдаған сәтте су болады. Ал 15 күн бола ма, 20 күн бола ма оның булануы бар, тұтынуы бар, сіңуі бар жоқ болады да кетеді. Себебі бұл каналдар осы канал салынғалы жөндеу көрмеген. Біздің мына қазіргі сәтте жанайқайымызды жаңа ауылшаруашылығы министрі келіп жатыр. Сол кісіге жеткізсеңіздер. Мемлекеттен қаржы бөлінуі керек, - дейді Аққыстау ауылының тұрғыны Талғатбек Тастанбеков.

- Бұл мәселе көп жылдан бері айтылып келе жатса да шешімін таппай келе жатқаны рас. Енді тиісті министрліктермен жұмыстар жүргізілуде. Нарын каналын күрделі жөндеуден өткізу және оның жобалық -сметалық құжаттарын жасақтауға байланысты экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне тиісті хаттар жолданды. Сосын жаңағы Нарын каналының бойында орналасқан ауылдарда мал өлімдері әзірге тіркелген жоқ, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басшысының орынбасары Саламат Амангелді.