Атырауда балаларды унитазға байлап қойғандар қылмыстық жауаптан босатылды

0
484

Атырауда балаларды унитазға байлап қойды деп күдікке ілінген тәрбиешілерге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.


Атырауда балаларды унитазға байлап қойғандар қылмыстық жауаптан босатылды

Облыстық полиция департаментінің шешімін қалалық прокуратура да мақұлдаған. Дімкәс балаларға жасалған озбырлық қылмыстық қудалауға негіз болмаған көрінеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Алайда құзырлы органдар психо-неврологиялық ауытқуы бар балғындарға арналған мектеп-интернатындағы жантүршігерлік жағдайдың жай-жапсарын ашып айтпай отыр.

Жазда әлеуметтік желіге №3 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бұрынғы қызметкері видео таратқан. Бейнежазбада тәрбиешілер дімкәс жандарға күш көрсетіп, балаларды унитазға байлап қойған. Аталмыш оқиғадан кейін полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған. Арнайы орталықтың басшысы қатаң ескерту алып жұмыстан қуылды. Ал балғындарға күш қолданды деп тергеуге алынғандар қазір қылмыстық жауапкершіліктен толық босатылған. Тіпті арнаулы мектеп интернатында жұмысын жалғастырып жатыр.

"Екі қызметкеріміз де жұмыстан шыққан жоқ. Бірақ оларға тәртіптік шара берілді, қатаң сөгіс түрінде. 21-шілдеде №51 бұйрықпен. Қазір бір тәрбиешіміз зейнет жасына жақындаған адам. Осы мекемеге көп жылдан бері еңбегі сіңген қызметкер. Екіншісі – палата санитары. Ол кісі қазір еңбек демалысында", - дейді №3 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Анар Каюпова.