​«Аяқ сүю дәстүрі мүлде болмаған»: белгілі этнограф желіде тараған видеоға пікір білдірді

0
594

«Бұл дәстүр емес, салтымызды қорлау».


​«Аяқ сүю дәстүрі мүлде болмаған»: белгілі этнограф желіде тараған видеоға пікір білдірді

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде ұзатылып жатқан қыз анасының аяғын сүйген видеоға қатысты этнографтардың пікірі осындай. Көпшіліктің қытығына тиген бойжеткеннің әрекеті «нағыз ессіздік» екенін айтады, деп жазады КТК арнасы.

Яғни бұл ертеректегі ескірген ғұрып емес, бүгінгі асабалардың ойлап шығарған хайпы.

Тойдан үзінді видеода жаңа ұзатылып жатқан қыз анасының аяғына жығылып сүйе жөнеледі. Асаба да тойды қазақ тілімізде жүргізіп тұр. Айтуынша, бойжеткен шешесіне алғысын дәл осылай жеткізгісі келіпті-міс.

Бірақ бұл әрекеті желі қолданушыларымен қоса, тарихшы, этнографтардың көңіліне түрпідей тиді. Олар мұндай жат қылықты өзге той иелері де қайталап, қоғам арасында таралып кетпеуін тілейді. Өйткені әдет-ғұрпымыз бен салтымызда мұндай ерсі қылық ертеректе де болмапты.

Аяққа жығылу Үндістан елінің салтына сай. Бірақ оның өзінде үлкендердің башпайын ұстап сәлемдескенімен, сүймеген. Сол себепті ғалымдар оғаш қылықтың бәрін өзімізге дәстүр деп жабыстыра бермеуді сұрайды.

— Салт-дәстүр ойнайтын нәрсе емес. Мұндай салт-дәстүрді кезінде ақсақалдар, қариялар, билер, сұлтандар тоғыз дүре соғып, тоғыз-тоғыздан мал қойып, айыппұл төлетіп тоқтатқан. Қазақ дәстүрінің ғасырлар бойы бұзылмай жетуінің, асыл дәстүр, ата дәстүр деген тағылымдардың барлығы жақсылыққа құрылған. Аяқ сүю деген дәстүр мүлде болмаған. Ол қорлыққа жатады. Қызын қорлағанға жатады. Сондықтан бұл, негізінен тапқыш, айтқыш, қызықшыл тамадаларға ойын үшін шығарып жүргені. Мұндай ойындарға тыйым салу керек, - дейді , этнограф Болат Бопайұлы.