Медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгеріс енгізу жөніндегі бұйрық жобасы әзірленіп, жаңа өзгерістерге сәйкес, жедел жәрдем 4-ші санаттағы шақыртуларға тәулік бойы емес, кесте бойынша қызмет көрсететі жазылған болатын.
Фото: ДСМ
Қазақстанда жедел медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгеріс енгізу жөніндегі бұйрықтың жобасын әзірлеген болатын. Алайда бірқатар БАҚ-та жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасының мазмұны қате жарияланды. Осыған байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Бүгін бірқатар БАҚ-та жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасының мазмұнын қате түсіндіру жарияланды. Осыған байланысты біз түсіндіреміз: бұрынғыдай, 103 нөміріне қоңырау шалу арқылы барлық пациенттер шақырту санатына қарамастан толық көлемде медициналық көмек ала алады. Сонымен қатар, жеделдікті жақсарту үшін жұмыс уақытында шұғылдықтың IV санатындағы шақыртуларға қызмет көрсетуге медициналық-санитариялық алғашқы көмектің мобилдік бригадалары тартылатын болады. Кешкі және түнгі уақытта, сондай-ақ демалыс күндері барлық санаттағы шақыртуларға жедел көмек бригадалары қызмет көрсететін болады. Осылайша, азаматтар үшін ештеңе өзгермейді, бірде-бір шақырту назардан тыс қалмайды және пациенттерге қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасы одан әрі жақсарады», — деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Айгерім Уразалиева.
Еске сала кетейік, бұған дейін медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгеріс енгізу жөніндегі бұйрық жобасы әзірленіп, жаңа өзгерістерге сәйкес, жедел жәрдем 4-ші санаттағы шақыртуларға тәулік бойы емес, кесте бойынша қызмет көрсететінін жазған болатынбыз.