Атырауда балаларын әйелінен тартып алып, кейін оны пышақтап тастаған ер адамға үкім шықты. Ол тіпті кішкентай баланы көпірден лақтырып жіберемін деп қорқытқан.
ERNUR.KZ. Оқиға осы жылдың жазында Атыраудың орталығында болды, деп жазады Экспресс К.
Осыған дейін бірнеше рет үйде жанжал шығып, күйеуі әйелін ұрып-соғып, балаларын тартып алған. Кейін балаларын алып кетуге барған кезде, үш баласын бермей, қуып жіберген. Әйел бірнеше рет Атырау қалалық полиция басқармасына күйеуінің үстінен арыз жазса да, шағымы дұрыс қаралмапты. Тек қоғамдық шу шыққаннан кейін, абьюзердің үстінен әкімшілік және қылмыстық іс қозғалып, әкімшілік қамауға алынған.
22 тамызда күйеуі әйеліне қоңырау шалып, балаларын өзі келіп алып кетпесе, пышақтап тастаймын деп қорқытқан. Алып кетпеген жағдайда ұлын көпірден лақтыратынын айтқан. Сосын әйелі балаларға барған кезде оны пышақтап тастайды.
Іс сотқа ҚК 99-бабымен (Адам өлтіруге оқталу) түскенімен, сот қылмыстық істі 106-бабына (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) өзгертеді. Осылайша қылмыс дәрежесі өзгеріп, ер адамға жаза тағайындалады.
"Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заңына сәйкес түпкілікті 3 жыл 5 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", дейді соттың баспасөз қызметіндегілер.