Баспана үлестіру кезекте тұрған азаматтың әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, есепке қою күніне және азаматтардың қолжетімділік сатысына сәйкес жүзеге асырылмақ.
ERNUR.KZ. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжіліс өкілінің депутаттық сауалына берген жауабында тұрғын үй кезегінде кімдердің басымдыққа ие екенін түсіндірді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін тиімді шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде тұрғын үй саясатына жаңа тәсілдер енгізіліп жатыр. Қарастырылған түзетулер бойынша азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың негізгі құралы «Отбасы банк» АҚ болады», - деп жазды Ералы Тоғжанов.
Оның айтуынша, баспана үлестіру кезекте тұрған азаматтың әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, есепке қою күніне және азаматтардың қолжетімділік сатысына сәйкес жүзеге асырылмақ.
Бұл жердегі қолжетіміділік сатысына мына санаттар жатады:
- табысы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын кезекте тұрғандар үшін отбасының әрбір мүшесіне арендалық баспана беріледі;
-табысы 3,1 ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін кезекте тұрғандарға «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жылдық мөлшерлемесі 2% ипотека беріледі;
-табысы 3,7 ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін кезекте тұрғандарға «Шаңырақ» («5-10-20») бағдарламасы бойынша жылдық мөлшерлемесі 5% ипотека ұсынылады;
«Ол үшін әрбір өтінім бойынша отбасының табысын, мүлкі мен активтерін ашатын цифрлық көрініс түзіледі» - деп жазылған Үкімет өкілінің жауабында.