Батыс Қазақстанда карантин 15 маусымға дейін ұзартылды

0
816

Әңірде аурушаңдық деңгейі әлі де төмендемей отыр.


Батыс Қазақстанда карантин 15 маусымға дейін ұзартылды

ERNUR.KZ. БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантин шектеу шаралары 15 маусымға дейін ұзартылды, деп жазады ҚазАқпарат.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев брифингте мәлім еткендей, өңірде аурушаңдық деңгейі әлі де төмендемей отыр.

Күн сайын эпидемиологиялық ахуалға мониторинг жүргізіледі. Мысалы, 22 мамырда коронавирус жұқтыру өсімі - 2,8 пайыз болса, одан бір күн бұрын - 2,5, апта ішінде 3,8-4 пайызды көрсетті.

Карантинді созудың тағы бір себебі - коронавирус жұқтырғандардың көпшілігі (340) Орал қаласында тіркелсе, індет аудандарда да таралып отыр.

Мысалы, Ақжайық ауданында 5 адам сырқаттанды. Мұнда ауырған медицина қызметкерімен қарым-қатынаста болғандар ауру жұқтырып, сол үй карантинге жабылды.

Бөрлі ауданында 7 адам ауырса, соның алғашқысы 29 наурызда тіркелген еді. Бұдан кейін Теңіз кенішінен келген адамнан 4 кісіге жұғып, олар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Өткен тәулікте «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының қызметкері де ауру жұқтырғаны белгілі болды. Ол вахталық жұмысқа кіріспестен бұрын Орал қаласында Теңіз кенішінен келген өзінің туысқанымен байланыста болғандықтан, карантиндік стационарға түскен болатын. Бастапқыдан тест теріс нәтиже көрсеткенімен, кейін коронавирустың белгілері (дене қызуының көтерілуі, жөтел) пайда болып, провизорлық стационарға ауыстырылды. Науқас тұрған бұл үйге де карантин жарияланды.

Бәйтерек ауданында 3 оқиға тіркелсе, бұлар да – бұрын Теңіз кенішінен келген азаматпен қарым-қатынаста болғандар.

Сырым ауданында аурулар саны 4-ке жетті. Мұнда аудандық аурухана қызметкерінен өз туысқандарына жұққан. Тағы біреуі – науқаспен қарым-қатынаста болған медицина қызметкері. Бұл дерек бойынша эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жалғасуда. Өйткені ауру көзі болған аурухана қызметкерінің Оралда да болғаны анықталып отыр.

Қазіргі таңда Сырым ауданында карантин жарияланып, індетке қарсы күрес жалғасуда.

Тасқала ауданында 10 адамның бесеуі – медицина, үшеуі – полиция қызметкері.

Сондай-ақ Теректі ауданы Подстепный ауылында дәрігерлік амбулатория қызметкерінің ауру жұқтырғаны анықталды. Ол да Теңіз кенішінен келген азаматпен қарым-қатынаста болған. Дәрігерлік амбулаторияда толығымен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

Күні бүгін облыста 370 науқас тіркелсе, соның 144-і облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделуде. 226 адам жазылып шықты.

Науқастардың 67 пайызы (251 адам Ресей мен Атыраудан) – сырттан келгендер. 114-і – бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болғандар.

Сонымен қатар 24 адам провизорлық, 217 адам карантиндік стационарда жатса, 1208 адам үйлерінде оқшаулануда.

«Егер 15 маусымға дейін аурушаңдық деңгейі 2 пайыздан төмендесе, карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілуі мүмкін. Бәрі де адамдардың санитарлық талаптарды бұлжытпай сақтауына байланысты. Айталық, кейбіреулер ауру белгілері байқалғанын дәрігерлерден жасырады. Тек ауру дендеген кезде ғана айтады. Немесе жедел жәрдем шақырудың орнына өздері медициналық мекемеге барып, таралу қаупін ұлғайта түседі», деді Нұрлыбек Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО ауданында карантин енгізілгенін жазған болатынбыз.