​Бізде этностардың құқығын шектейтін бірде-бір заң жоқ – Елбасы

0
1 189

Елбасы өз сөзінде Ассамблея мүшелері Парламент Мәжілісінде отырғанын еске салды.


​Бізде этностардың құқығын шектейтін бірде-бір заң жоқ – Елбасы

ERNUR.KZ. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік процестерді талдай отырып, Қазақстан бірлік пен ынтымақты нығайтудың дұрыс жолын таңдағанына көз жеткізіп отыратынын мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Өркендеуге жетуде дұрыс құралдарды таңдап алдық. Біріншіден, өз кезінде біздің Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы - маңызды шешімдердің бірі болғанын атап өту керек. Халықтың тілегімен құрылған ұйым ол елдің абыройлы конституциялық органына айналды. Бірінші күннен бастап, Ассамблея мемлекет пен халық алдындағы жауапкершілікті танытып келеді. Біздің елдің саяси жүйесіне Ассамблея барлық этностар мен конфессияларды интеграциялады. Ассамблеяны біздің елдің саяси жүйесіне интеграциялай отырып, біз өзіміздің ұлттық бірліктің бағытын құрдық», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы өз сөзінде Ассамблея мүшелері Парламент Мәжілісінде отырғанын еске салды.

«Сіздердің қатарларыңыздағы 9 депутат бейбітшілік пен келісімнің елшісіне айналды. Екіншіден, ұлтаралық және конфессияаралық теңдіктің қуатты құқықтық базасы құрылды. Бізде этностардың құқығын шектейтіндей бірде-бір заң жоқ. Барлық азаматтардың теңдігі - тікелей мәтінмен елдің басты заңында тайға таңба басқандай жазылған. Үшіншіден, ұлтаралық саладағы біздің мемлекеттің саясаты - саналуандықтың бірлігіне негізделген. Әсіресе, бұл ретте тіл саясатын ерекше атап өтуге болады. Ең алдымен, мемлекеттік тілде оқытатын мектептер желісі артып келеді. Қазіргі уақытта елімізде мемлекеттік тілдегі 4 мыңнан астам мектеп бар. Бұл - тоқсаныншы жылдардан қарағанда екі есе көп. Ал қазақ тілін үйрететін оқу орталықтары ниет білдірушілердің бәріне қолжетімді. Осыған байланысты «Ситуативті қазақ тілі» жобасын ерекше атап өтер едім», - дейді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде мемлекет этникалық тілдер мен мәдениеттерге де қамқор болып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Біздің еліміздегі 88 мектепте өзбек, тәжік, ұйғыр, украин тілінде өтеді. Ал 108 мектепте Қазақстан этностарының 22 тілі жеке сабақ ретінде оқытылады. Елімізде 15 тілдегі 35 баспасөз бар. 11 тілде телеарналарда бағдарламалар шығып жатыр. 14 орыс театры бар. Өзбек, ұйғыр және корей театрлары бар. Мұндай тек біздің елде ғана бар", - деді ол.

Еске сала кетсек, елордада ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтіп жатыр.