Үш баласынан бірдей айырылып қалған әйел бірнеше жерде жұмыс істеп, тапқан нәпақасымен балаларын жалғыз өзі өсірген
фото: Sputnik
ERNUR.KZ. Жамбыл облысы Меркі ауданының орталығы Меркі ауылында үш бала газға уланып қайтыс болды, деп жазады sputnik.kz.
Қайғылы оқиға жайлы 14 сәуірде кешкі сағат 18:20-да белгілі болды. Балалардың нақты қай уақытта көз жұмғаны белгісіз, анасы жұмыстан қайтқанда тапқан. Ол дереу жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға барады, бірақ балаларды құтқару мүмкін болмаған. Көршілерінің айтуынша, әйел үш баласымен жалдамалы үйде 6-7 ай тұрған.
"Әйел газды қосып, жұмысқа кеткен. Газ пешінің оты өшіп қалған. Кешке жұмыстан келіп, есікті ашса, балалар жатыр дейді. Келіншек жақсы, нашар қылығы жоқ, ішпейді, қыдырмайды, бөтен қылығын көрген емеспіз", - дейді көршісі Гүлмира.
Үш баласынан бірдей айырылып қалған әйел бірнеше жерде жұмыс істеп, тапқан нәпақасымен балаларын жалғыз өзі өсірген. Көршілерінің айтуынша, ол күйеуімен ажырасып кеткен.
"Жалпы бұл үйдің өзі нашар. Бұған дейін бұл үйде үй иесінің үш және алты жастағы екі баласы қайтыс болған. Үш жасар қыз уланды дейді, мүмкін ойнап жүріп жаман нәрсе жеп қойды ма екен. Сосын осы үй иесінің 6 жастағы баласы да аяқасты ауырып қайтыс болған. Үйдің өзі дұрыс болмай тұр, осымен бұл үйде бес бала қайтыс болды", - дейді көршілері.
Инглап Жамалов оқиға болған үймен іргелес тұрады, үйді жалға берген адамның ағасы. Айтуынша, әйел үш баласын ешқашан қамап кетпеген, балалар үнемі аулада ойнап жүреді. Тек қақпаның есігін ғана жауып жүрген.
"Менің жиенім әйелге жаны ашып, үйде тегін тұра бер деді. Өзі көшіп кеткен. Келіншек үш баланы бағу үшін екі дәмхана мен тағы бір жерде жұмыс істеді. Үлкен қызына балаларды қаратып қоятын. Естуімізше, әкесі үш баланы кезінде өзі алып алмақ болған, бірақ әйел бермеген. Бұған дейін туыстарың бар ма деп сұрағанда, әйел ешкімім жоқ деген. Оқиғадан кейін туыстары бары белгілі болды. Жалпы өзі ешкіммен араласпайтын, томаға тұйық адам", - дейді үй иесінің ағасы Инглап Жамалов.Үш баланың үлкені 2-ші сыныпта оқыған.