COVID-19: 5 қазаннан бастап мектептерде ерекше тәртіп бойынша тексеру басталады

0
801

Екінші тоқсанында мектептердің қызметін қайта бастау туралы шешім қабылдау кезінде мектептердің дайындық жағдайын бағалау ескерілетін болады.


COVID-19: 5 қазаннан бастап мектептерде ерекше тәртіп бойынша тексеру басталады

Жалпы білім беру мектептерінде санитарлық нормалардың сақталуы мәселелері бойынша ВАК отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында еліміздегі жалпы білім беру мектептерінде санитарлық нормалардың сақталуы талқыланды.

Өз сөзінде ҚР денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов оқу жылының басынан бері мектептерде жүргізілген тексеру мониторингінің қорытындысын баяндады. Өз баяндамасында, 697 мектептің 134-інде санитарлық нормалардың бұзылғаны анықталғанын атап өтті. Бұл ретте, бұзушылықтардың негізгі бөлігі ауылдық мектептерде анықталған.

Тексеру кезінде, көптеген мектептерде пайдаланылған жеке қорғаныс құралдарын жинауға және жоюға арналған арнайы қоқыс жәшіктерінің және мектеп ішінде жүру кезінде ара қашықтықты сақтауды қамтамасыз ететін белгілерідің болмағаны анықталды. Сондай-ақ, қызметкерлердің бетперде режимін сақтамау фактілері анықталды.

Мысалға, Орал қаласындағы № 46 мектепте, Нұр-сұлтан қаласындағы № 55 орта мектепте және Солтүстік Қазақстан облысындағы №2 Бескөл орта мектебінде, Павлодар облысының Жаңатілек ауылындағы Хайдаров атындағы мектепте, Баянауыл ауданындағы Уынбұлақ орта мектебінде мұғалімдер мен оқушыларға термометрия жүргізілмеген.

Сондай-ақ, 33 мектепте санитайзерлердің жетіспеушілігі мен жеткіліксіз мөлшерде екендігі анықталды.

Ақмола облысының екі мектебі (Макинск қ. № 5 ОМ және Щучинск қ. № 1 ОМ), Маңғыстау облысының Ақтау қаласындағы «Жайсаң бала» және «Zere» жекеменшік мектептері медицина қызметкерімен жасақталмаған.

Алматы қаласында, Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында 29 мектепте бактерицидті шамдар (кварцты) жоқ.

15 мектептің кіреберісінде ара қашықтықты сақтауды қамтамасыз ету белгілері жоқ (Нұр-сұлтан, Алматы қалалары, Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Маңғыстау, СҚО және Қарағанды облыстары).

Қостанай облысында бактерицидті шамдар мен дезинфекциялық кілемшелердің болмауы бойынша бірқатар бұзушылықтар анықталды: Қарабалық ауданының тоғыз мектебінде, Майлин ауданының төрт мектебінде және Алтынсарин ауданының 11 мектебінде.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары әкімдерге бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Биылғы оқу жылының екінші тоқсанында мектептердің қызметін қайта бастау туралы шешім қабылдау кезінде мектептердің дайындық жағдайын бағалау ескерілетін болады.

Ағымдағы жылдың 5 қазанынан бастап жаппай жалпы білім беру мектептерін ерекше тәртіп бойынша тексеру жұмыстарының басталатынын атап өту қажет.