Ел аумағының басым бөлігінде жұмыс аптасының соңына дейін 40 градус ыстық болады.
Қазақстанның бірқатар өңірінде 30 маусым мен 2 шілде аралығында қатты ыстық болады. Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға қажеттілік болмаған жағдайда далаға шықпауға кеңес берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.
"Қазгидрометтің" мәліметінше, Нұр-Сұлтанда 1-2 шілдеде күндіз 35-37 градус қатты ыстық болады деп болжанып отыр. Алматыда 30 маусым күні күндіз ауа температурасы 33-35 градусты көрсетеді.
Шымкентте 30 маусым-2 шілде аралығында 40 градус, ал Түркістанда 30 маусым-2 шілде аралығында 40-42 градус аптап ыстық болады. 30 маусымда Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде найзағай ойнап, бұршақ жауады. Күндіз 35-39 градусқа дейін өте қатты ыстық болады. Жел оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соғады, кей жерлерде желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Кей жерлерде өте жоғары өрт қаупі сақталады.
Орал қаласында 30 маусымда күндіз найзағай ойнап, бұршақ жауып, 36 градус қатты ыстық болады. Жел оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соғады, желдің екпіні секундына18 метр болуы ықтимал. 30 маусымда күндіз Ақтөбе облысының кей жерлерінде найзағай ойнайды, онтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады, найзағай кезінде желдің екпіні секундына 18 метр болуы ықтимал. Өте жоғары өрт қаупі сақталады. 30 маусымда Атырау облысының кей жерлерінде найзағай ойнап, шаңды дауыл тұрады. Солтүстік-батыстан жел соғады, күндіз найзағай кезінде желдің екпіні секундына 15-20 метр болуы ықтимал, деп жазады Қазгидромет.
30 маусымда күндіз Қарағанды облысының кей жерлерінде 35-38 градус қатты ыстық сақталады. Кей жерлерде өте жоғары өрт каупі сақталады. Қарағандыда күндіз 1-2 шілдеде 35-37 градус қатты ыстық болады. Жезқазғанда күндіз 30 маусымда - 2 шілдеде 36-38 градус қатты ыстық болады. Қостанай облысында күндіз 30 маусым-1 шілде аралығында кей жерлерде 40 градус қатты ыстық, төтенше өрт қаупі сақталады. Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында күндіз 30 маусымда 35 градус қатты ыстық болады. 1-2 шілдеде күндіз 35-37 градус қатты ыстық, өте жоғары өрт қаупі сақталады. Күндіз 29-30 маусымда, 1 шілдеде Алматы облысында кей жерлерінде 35-38 градус қатты ыстық болады, төтенше өрт қаупі сақталады.
30 маусымда күндіз Қызылорда облысында 40-44 градус қатты ыстық және өте жоғары өрт қаупі сақталады. Қызылорда қаласында 30 маусымда күндіз 41-43 градус қатты ыстық болады. Жамбыл облысында 30 маусымда күндіз таулы және тау бөктеріндегі аудандарда найзағай ойнап, бұршақ жауады, солтүстік-шығыстан жел соғады, кей жерлерде желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетуі ықтимал. 30 маусым күні күндіз облыстың басым бөлігінде 38 градусқа дейін қатты ыстық, төтенше өрт қаупі сақталады. Таразда 30 маусым күні күндіз солтүстік-шығыстан жел соғады, желдің екпіні секундына15-20 метрге жетуі ықтимал. Ақмола облысының Көкшетау қаласында 1-2 шілдеде күндіз 35-37 градус қатты ыстық күтіледі.