"Директор, құрылтайшы ретінде тіркелген": Ақтөбедегі баспанасыздар орталығында заңбұзушылық анықталды

0
582

Орталықта тұратын 14 адам кәсіпкер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры және құрылтайшысы ретінде тіркелген.


ERNUR.KZ. Ақтөбеде баспанасыз жүргендер 800 миллион теңге айналымы бар фирмалардың директорлары мен құрылтайшылары болып шықты, деп жазады Tengrinews.kz.

Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданының прокуратурасы өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметтендіру орталығында заңбұзушылықтарды анықтады. Орталықта тұратын 14 адам кәсіпкер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры және құрылтайшысы ретінде тіркелген.

"Сауалнама алынған "кәсіп иелері" бұған еш қатысы жоқтығын, олардың үшеуі 1 және 2-топтағы мүгедектер екенін көрсеткен. Сонымен қатар, 2021 жылдан 2022 жылдың сәуіріне дейін мұндай "бизнес" айналымы шамамен 800 миллион теңге болған", - деді Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуроры Жасұлан Дәулембаев.

Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша салық органдарына заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізіліп, материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Экономикалық тергеу департаментіне жолданған.