Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу рәсіміне барлық билет сатылып кетті

0
447

Ашылу рәсіміне билеттер 15 000-50 000 теңге аралығында сатылды.


Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу рәсіміне барлық билет сатылып кетті

ERNUR.KZ. 8 қыркүйекте «Астана-Арена» стадионында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына барлық билет сатылып кетті. Бұл туралы көшпенділер ойындарына дайындық және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев айтып берді, деп жазады inform.kz.

«Бүгінгі таңда барлық спорт түрлеріне билеттер ашық сатылымда. Бірақ ойындардың ашылу салтанатына барлық билет сатылып кетті. Әзірге спорттық шараларға 10 мыңнан астам билет саттық. Ең көп қызығушылық танытқан спорт түрлерінің арасында жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, көкпар, бәйге бар», - деді спикер «Қазанат» ипподромында өткен баспасөз мәслихатында.

6 тамыз күні Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты мен барлық жарысына билеттер сатылымы басталған болатын. Ашылу рәсіміне билеттер 15 000-50 000 теңге аралығында сатылды.

Бұл ретте, жарыстардың орташа билет құны – 3 600 теңге. Мәселен, қазақ күресі, алыш және көрәш спортына билеттер 2 500 теңгеден 7 500 теңге аралығында екен. Жарыстар Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. «Алау» мұзайдынында асық ату, ордо, мас-рестлинг, күрәш, арқан тарту және ашыртмалы аба гүреші бойынша кіл мықтылар жүлдеге таласады. Билет құны 1 000-3 000 теңге аралығында.
Азаматтардың жекелеген санаттары үшін әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. 50% жеңілдік мектеп оқушылары (6 жастан 18 жасқа дейін) мен зейнеткерлер үшін қолжетімді. 5 жасқа дейінгі балалар (орынсыз) мен I және II топтағы мүгедектер билеттерді тегін ала алады. Жеңілдік билеттерін растайтын құжатты көрсеткеннен кейін оффлайн кассалардан сатып алуға болады.
Барлық жарысқа билеттерді ресми билет операторының www.zakazbiletov.kz сайтынан сатып алуға болатынын еске саламыз.

Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Онда спорттың 21 түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ.

Әлемдік додаға 89 елден 2800-ге жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Астанаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қазақ спортшылары барлық 21 спорт түрінен қатысады. Соның бәрінен медаль алуды жоспарланған.