Елімізде кезекші сынып оқушылары арасында коронавирус жұқтыру жиіледі

0
1 240

Қазір еліміз бойынша кезекші сыныптарға барып жүрген 25 баладан вирус белгілері анықталған.


Елімізде кезекші сынып оқушылары арасында коронавирус жұқтыру жиіледі

Елімізде кезекші сыныптарға барып жүрген оқушылар арасында коронавирус таралу оқиғалары жиіледі. Соңғы тәулікте тағы 9 баладан сырқат белгілері анықталған, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Қауіпті дертті жұқтырған оқушылардың жағдайы жақсы. Мамандар мұны дерттің 14 күндік жасырын кезеңінің аяқталуымен байланыстырып отыр. Одан тыс суық тиіп ауруханаға түскен үш айлық нәрестенің де сынамалары оң нәтиже көрсетті.


Балалар арасында таралатын вирус қаншалықты қауіпті?

Кезекші сыныптардағы оқушылар арасында алғаш рет коронавирус жұқтыру оқиғасы өткен аптада Шығыс Қазақстан облысында тіркелген еді. 4 бала ауырып, аймақтағы екі сынып пен бір мектеп карантинге жабылды. Артынша, Солтүстік Қазақстан облысында да 11 баладан вирус белгілері анықталды. Біреуі балабақшаға барады екен. Енді міне, жайсыз хабар Павлодардан да жетті. 9 оқушы Ковид жұқтырып, өңірдегі екі бірдей мектептің есігіне құлып салынды.


9 оқушының ішінде төрт бала Шербактинскии ауданынан. Оларда коронавирустың симптомсыз түрі анықталды. Павлодар қаласында 4 бала симптоммен ауырса, ал бір баладан симптомсыз түрі белгілі болды. Олардың барлығы ем алып жатыр, - дейді облыстың бас санитар дәрігері Батырбек Әлиев.


Ақтөбе облысында суық тиіп ауруханаға түскен үш айлық нәрестеден алынған ПЦР тест оң нәтиже көрсеткен. Сәби еліміз бойынша қауіпті вирус жұқтырған ең жас пациенттердің бірі.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтың айтуынша, қазір еліміз бойынша кезекші сыныптарға барып жүрген 25 баладан вирус белгілері анықталған.

Қазір елімізде 543 мың бала кезекші сыныптарға барып жүр. Ауыл-аймақтардағы мектептерде оқып жүргендер саны - 127 мың . Ал 2,6 миллион оқушы қашықтан оқып жатыр.

кезекші сынып -543 мың бала
дәстүрлі оқу- 127 мың бала
қашықтан оқу -2,6 миллион

Сонда қашықтан білім алатындардың үлесі жалпы оқушылар санының 70 пайызын құрап отыр. Қыркүйектің ортасында Мәжіліс депутаттары олардың білім сапасы төмендеді, жеткіншектерді мектепке қайтарыңдар, деп үкімет басшысына сауал жолдаған еді.


Біздің еліміз соғысты да, оба, туберкулез сынды ауыр дерттерді де бастан кешірді. Бірақ бірде бір рет мектептер жабылған емес. Тегін, жақсы білім алу әр баланың конституциялық құқы. Ал олардың қашықтан оқып жатқанына бес айдан асты. Осы мезгіл ішінде оқушылардың білім сапасының тым төмендеп кеткендігін ата- аналар айтып отыр. Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, жеткіншектерді мектепке қайтару керек, - дейді мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.


Алайда ертеңіне-ақ төрт бірдей министр, алдарына вице- премьер Ералы Тоғжановты салып, осы мәселе бойынша анайы брифинг өткізген еді. Сондағы айтқандары, елдегі эпидемиологиялық жағдай әлі нашар, балалар қашықтан оқуын бірінші тоқсан бойы жалғастырады. Сөз астарына үңілсек шыдай тұрыңдар, деді.


Балалар коронавирусты жеңіл көтерсе де, олар айналасына вирус таратушы болуы мүмкін. Сіздерге әлі де балаларды қашықтан оқыту қажеттігін ескертеміз. Естеріңізге сала кетейін, мамыр айында карантиннен кейін балабақшалардың кезекші топтарын ашқанда, балалар арасында да корнавирус көп тіркеле бастады. Вирустың таралу тізбегін ескерсек, қоғамда тез тарайды. Баладан сыныпқа, сыныптан ұжымға, ұжымнан қоғамға вирус тарала береді, - деді Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.


Наурыздан бері елімізде 137 мыңнан астам адам ковидке шалдықты десек, олардың небәрі - 34-і ғана бала екен. Алайда, мамандардың айтуынша, жеткішектердің өздері ауырмаса да, есесіне вирус тасымалдаушы бола алатын көрінеді.


Балалардың көбісі симптомсыз ауыруға бейім. Жеңіл түрімен ауыруға бейім. Сондықтан біз оларды тасымалдаушы ретінде есептейміз, - дейді эпидемиолог Жұмабек Бекенов.

Сонымен, кезекші сыныптарға барып жүрген балалардың арасында қауіпті вирус тарала бастады. Егер жағдай осылай қала берсе, оқушылардың екінші тоқсанда мектепке оралуы екіталай, дейді мамандар.