Елімізде ұшақ билеттерінің бағасы төмендейді

0
1 105

Биылғы жылдың соңында "FlyArystan" орындалатын рейстердің санын екі есе көбейтіп, күніне 14-тен 28 жиілікке дейін арттырмақ


Елімізде ұшақ билеттерінің бағасы төмендейді

ииллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Айбек Әлжановтың қатысуымен өткен брифингте белгілі болды, деп жазады baq.kz.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпы ұлттық іс-шаралар жоспары әзірленуде. Оның аясында авиабилеттердің бағасын төмендету бойынша шаралар кешені қабылданады. Осы іс-шаралар мүдделі мемлекеттік органдармен және азаматтық авиация саласының субъектілерімен бірлесіп жүргізілетін болады.

"Мемлекет басшысы өз Жолдауында авиабилеттердің қымбат бағасын сынға алды. Жоғары құнның негізгі проблемасы тасымалдау сыйымдылығының тапшылығы, яғни қолда бар сұранысты қанағаттандыру үшін ұшақтардың қажетті санының жетіспеушілігі және авиа отынының жоғары құны болып табылады. Тарифтердің құнын төмендету үшін биылғы жылдың 1 мамырында"FlyArystan" отандық лоукостері іске қосылды. Бүгінгі күні билет сату қол жетімділігі 2 айға жуық мерзімді құрайды, 340 мыңнан астам билет сатылды, оның жартысының ең төменгі құны 10 мың теңгеге дейін болып келеді", - деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Айбек Әлжанов.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін қосымша 2 әуе кемесі келіп түседі, келесі жылы парк тағы 4 әуе кемесімен толығып, 2023 жылға қарай 15 ұшақты құрайтын болады.

Биылғы жылдың соңында "FlyArystan" орындалатын рейстердің санын екі есе көбейтіп, күніне 14-тен 28 жиілікке дейін арттыруды жоспарлап отыр. Осылайша, 10 мың теңгеге дейінгі ең төменгі баға бойынша қосымша 100 000 билет сатылатын болады. Мысалы, "FlyArystan" қазан айынан бастап Нұр-Сұлтан – Павлодар бағыты бойынша ұшуды бастайды, билет құны 6 мың теңгеден басталады.

Бұдан басқа, жағдайды түбегейлі өзгерту үшін Үкімет "Самұрық-Қазына"ҰӘҚ" АҚ-мен бірлесіп әуе кемелері паркін ұлғайту мақсатында "Air Astana" және "QazaqAir" авиакомпанияларын қосымша капиталдандыру жоспарлануда.

Сондай-ақ авиаотын бағасын төмендету бойынша жұмыс жалғастырылатын болады, өйткені отынға жұмсалатын шығындар тарифтің өзіндік құнының 30%-дан астамын құрап отыр. Ағымдағы жылы қазақстандық МӨЗ-ді жаңғырту нәтижесінде авиациялық отын өндіру көлемі 694 мың тоннаға дейін немесе 2018 жылғы өндіріспен салыстырғанда 1,8 есеге (383 мың тоннаға) артты. Авиаотынды өндіру көлемі отандық МӨЗ есебінен ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік береді. Авиаотын бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде нарықпен реттеледі. Бұл ретте, Қазақстанның ішкі нарығындағы авиаотын бағасы ресейлік өндірістің керосин бағасына сәйкес келеді және нарықтық шынайылықты көрсетеді.