Елордадағы жантүршігерлік көлік апаты: Зардап шеккендер саны 36-ға жетті

0
915

Әзірге 1 науқастың жағдайы өте ауыр, алты науқастың жағдайы - қалыпты ауыр деп бағаланған.


Елордадағы жантүршігерлік көлік апаты: Зардап шеккендер саны 36-ға жетті

ERNUR.KZ. Елордадағы жантүршігерлік жол апатынан зардап шеккендерге қажетті дәрі-дәрмек пен құйылатын қан жеткілікті, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров айтты. Оның айтуынша, оқиғадан зардап шеккендер саны 36-ға жетті. Оларға Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында, яғни тегін медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

«Жол апатынан кейін 36 адам медициналық көмекке жүгінді. Жедел медициналық жәрдем бригадалары 36 адамды қалалық стационарға жеткізді. Олардың 23-і көпбейінді қалалық ауруханаға, 2 науқас - №1 қалалық ауруханаға және біреуі - орталық жол ауруханасына жеткізілген», - деді Камалжан Надыров қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

8 адам жеңіл жарақатпен дәрігерге көрінді. Зардап шеккен 36 адамның арасында балалар жоқ.

«Әзірге 1 науқастың жағдайы өте ауыр, алты науқастың жағдайы - қалыпты ауыр деп бағаланды. Сегіз пациенттің жағдайы орташа», - деді басқарма басшысы.

Сонымен бірге, К. Надыров әлеуметтік желілерде зардап шеккендерге қан жетіспей жатыр деген ақпаратты теріске шығарды.

«Астана стационарында науқастарға қажетті дәрі-дәрмек пен құйылатын қан мөлшері жеткілікті, барлық медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Барлық қызмет Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында, яғни тегін көрсетіледі», - деді ол.

Еске сала кетсек, 26 наурыз күні Ұлы Дала мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысында үш автобустың және жеңіл көліктердің қақтығысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Қала маңы бағдарындағы № 303 автобус № 12 бағдардағы жолаушылар автобусымен соқтығысты. Осының екпінімен олар № 53 автобусқа және жедел жәрдем көлігіне барып соғылды. Astana LRT өкілінің хабарлауынша, 301 автобус жүргізушісі Абай Оспанов таңғы 6.30-да рейске шығарда медициналық тексеруден өткен және денсаулығынан еш кінәрат байқалмаған. Тиісті медициналық сараптамадан кейін жол апатынан зардап шеккендерге өтемақы төленеді.