Газ құятын стансалар тажалға айналып жатыр

0
1 030

Жарылыс болған газ құю стансалары және ондағы жабдықтардың компанияға еш қатысы жоқ, олардың бәрі жеке кәсіпкерлердің меншігі.


Газ құятын стансалар тажалға айналып жатыр

иллюстрациялық фото:ашықдереккөзден

ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі хабарлағандай, Шымкенттегі газ құятын стансада бірнеше автоцистерна жарылған. Салдарынан бір адам зардап шекті. Бұл жеке кәсіпкерлік субъектісі және оның қожайындары сығымдалған газ сатумен айналысқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өрт ошағын ауыздықтау үшін бір сағаттан астам уақыт кетті, оның барысында Шымкент ТЖД тиесілі 21 техника мен 90 адам жұмылдырылды.
Бұл соңғы екі тәулік ішінде болған газ толтыру стансаларындағы екінші жарылыс. Естеріңізге сала кетсек, 5 маусымда «Қызылорда Газ» ЖШС газ толтыру стансасында автобусқа газ құю кезінде жарылыс болды. Ол кезде өрт болмады, бір адам зардап шекті.
Осы оқиғаларға байланысты газ және газбен жабдықтау саласындағы Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ көптеген сауалдар келіп түсті. Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, жарылыс болған газ құю стансалары және ондағы жабдықтардың компанияға еш қатысы жоқ, олардың бәрі жеке кәсіпкерлердің меншігі. Сол себепті стансалардың қызметін және олардың жабдықтарын төтенше жағдайлар комитеті бақылайды.
ҚР ІІМ ТЖК төрағасы Владимир Беккер кеше өткен баспасөз мәслихатында көлікке газ құятын стансаларда заңбұзушылықтар бар, бірақ оларға комитет әсер ете алмайды, себебі бизнесті тексеруге мораторий жарияланған деген болатын.
Техника қауіпсіздігіне сай, сығымдалған газ толтырылған цистерналардың барлығы жер астына көмілуі тиіс. Олай болмаған жағдайда, күннің ыстығында жарылыс ықтималдығы бірнеше есе өседі. Алайда, осындай қауіпке қарамастан, көлікке газ құятын стансалардың қожайындары қауіпсіздік талаптарын орындамай келеді.