Инновациялық мектептер алдында үлкен міндеттер тұр - ұстаз

0
1 542

Үш айлық курстарда оқыту арқылы тілді меңгерту мүмкін емес.


Инновациялық мектептер алдында үлкен міндеттер тұр - ұстаз

ERNUR.KZ. Қазіргі таңда инновациялық мектептер алдында үлкен міндеттер тұр. Орал қаласындағы №41 жаратылыстану-математика бағытындағы мектеп-лицейінің директоры Валиса Ихсанова осылай айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Білім саласында 35 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі басшы-ұстаздың айтуынша, Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде көтерген мәселелері халық арасында серпіліс туғызды.

Алдымен көпбалалы отбасыларға берілетін көмектің ұлғайтылатыны мәлім етілді. Елімізде төрт баладан астам перзент тәрбиелеп отырған 340 мыңдай отбасы бар екен. Енді, міне, әр балаға 21 мың теңгеден берілетін болды. Бұл, бұрынғымен салыстырғанда, едәуір жақсы көрсеткіш.

"Біздің мектепте көпбалалы отбасылардан келіп жүрген оқушылар бар. Сол секілді үш мұғалім 4-5 баладан тәрбиелеп отыр. Сол секілді бюджеттік салада төменгі жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысы көбейетіні оларды қуантып тастады. Мысалы, есеп қызметкерлері, іс жүргізушілердің жағдайы жақсаратын болады. Олардың жұбайлары да төменгі жалақы алып келсе, енді отбасы табысы көбейеді, - дейді мектеп директоры.

Елбасы мәлімдемелері мен жыл сайынғы Жолдауларында білім саласына соқпай өтпейді. Осы орайда білім беру мазмұнын жаңартуда жұмыстар жасалып та жатыр. Әр өңірде жетекші бір ЖОО мен 10 колледждің болуы керектігі көңілге қонымды. Одан инновациялық мектептер де тыс қала алмайды. Соның ішінде №41 жаратылыстану-математика бағытындағы мектеп-лицей шәкірттері түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында білім деңгейлерінің жоғары екендігін көрсетіп жүр.

"Бұрын энциклопедиялық білімге мән беріп келсек қазіргі таңда оқу мен тәрбиені ұштастыра отырып, шәкірттің белгілі бір пәнді таңдап, соны игеруіне, шығармашылық деңгейін көтеруіне күш салынуда. Айталық, мектебімізге оқушылар 5-сыныптан бастап қабылданады. Жыл сайын 25-30-дай түлек мектеп бітірсе, солардың 85-87 пайызы грант иегері атанады. Қалғандарының өзі 2-3-курса грантқа көшеді. Шетелде, ұлттық және Назарбаев университетінде білім алып жатқан шәкірттеріміз баршылық", - дейді осы мектепке 19 жылға жуық уақыт бойы басшылық етіп отырған В.Ихсанова.

Валиса Құжатқызы, Мемлекет басшысы үш тілділікті енгізуді ақылға қонымды жүргізу керектігін атап көрсетті. Яғни алдымен педагогтарды дайындап алу керек. Үш айлық курстарда оқыту арқылы тілді меңгерту мүмкін емес. Бәлкім, шетелден мұғалімдер шақыру қажет пе, осы жөнінде не айтар едіңіз?

Иә, бұл - мұғалімдер арасында үлкен пікірталас туғызып жүрген мәселе. Біздің мектепте де 9 айлық курстан өтіп келген үш мұғалім биология пәнінен ағылшын тілінің элементтері бойынша дәріс беруде. Тағы үшеуі курсқа бармақшы. Неше айлық курс болса да, ол адам тілді толық меңгере алмайды. Шетелден шақыртуға болар. Дегенмен, меніңше, мамандарды ЖОО-ларда осы бағытқа бірінші курстан оқытып алып барып, мұны төменнен, сатылап енгізу дұрыс болар еді. Сонда сапасы да артар еді.

«Білім саласына еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған жаңа министр келіп жатыр. Сондықтан, «Ескісіз жаңа жоқ», деген, ескінің ізін сақтай отырып, мектеп ісі жаңашылдықпен қолға алынса дейміз. Назарбаев зияткерлік мектептерінен бастап қарапайым білім ошақтарына дейін сараптай келе, тың қадамдар қолға алынса, еш артықтығы жоқ. Үш тілділікті енгізуде, инновациялық мектептердің өзіндік ерекшеліктерін айқындауда асығыстықтарға жол берілмей, осы саланың майын ішкен білікті ұстаздармен бірге ата-аналардың да орынды ұсыныс-пікірлері ескерілсе, одан еш ұтылмас едік», - деді сөзінің соңында В.Ихсанова.