Патрон зауытында тапанша желісі іске қосылды.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысында «Steel Manufacturing» ЖШС патрон зауыты жұмысын бастады. Бірінші кезекті іске қосу ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің қатысуымен өтті. Өңірге жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы «Сарыарқа» еркін экономикалық аумағында болып, өндіріс барысымен танысты, деп жазады ҚазАқпарат.
Патрон зауытында тапанша желісі іске қосылды. Жыл соңына дейін автоматты желіні іске қосу жоспарланып отыр.
Жобаның құны – 28,1 млрд теңге, кәсіпорында 164 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Патрондарды шығару үшін заманауи технологиялар қолданылатыны және ТМД аумағында мұндай зауыттың баламасы жоқ екені аталып өтті. Өнеркәсіптік интернет заттар енгізілуімен мұнда өндіріс толығымен автоматтандырылған.
Зауыттың жобалық қуаты жылына 30 млн дана патронға есептелген.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Талғат Жанжүменовтың айтуынша, қорғаныс тапсырысы аясында елдің Қарулы Күштеріне оқ-дәрі жеткізуге келісімшарт жасалған.
«Қазақстанда алғаш рет түрлі номенклатурадағы оқ-дәрілердің арнайы өндірісі ашылады. Бұл бірегей зауыт, ол канадалық компанияның ең заманауи құрылғыларымен жабдықталған. Барлық мамандар Канадада оқудан өтті. Зауыт ішкі нарықтың қажеттілігін ғана емес, сонымен қатар экспортқа өнім жеткізу мүмкіндігін де қамтамасыз етеді», - деді вице-министр.
Асқар Мамин сондай-ақ «Seven Refractories Asia» ЖШС-нің отқа төзімді материалдар шығаратын зауытын аралап көрді. Жобаға шетелдік компаниялар қатысқан. Инвестиция 1,7 млрд теңгені құрады. 70 жұмыс орны құрылды. Мамандар Еуропада оқудан өткен.
Өндірістік қуаты жылына 38 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Зауыт экспортқа бағытталған. Өнімнің негізгі көлемі Ресей мен Қырғызстанға жеткізіледі. Отандық отқа төзімді материалдар ішкі нарыққа да жіберіледі. Ірі тұтынушылардың бірі – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ.
Қарағандылық «Сарыарқа» ЕЭА шамамен 600 га аумақты алады. Инфрақұрылымды құруға 25 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.