Қарағандыда төбелесте жараланған адам жансақтау бөлімінен шықты

0
1 833

Төбелес кезінде пышақталған бір адам жан тапсырған.


Қарағандыда төбелесте жараланған адам жансақтау бөлімінен шықты

ERNUR.KZ. Қарағандыда жаңа жыл түнінде мейрамханада болған жаппай төбелес кезінде аяғына пышақ салынып, жараланған екі жігіт ауруханадан шықты. Олар үйде амбулаторлық ем алады. Бұл туралы қаңтардың 3-і күні Қарағанды облыстық денсаулық сақтау департаменті хабарлады, деп жазады azattyq.org.

Төбелес кезінде пышақталған бір адам жан тапсырған. Көкірек қуысына пышақ кірген үшінші адам жансақтау бөлімінен жедел бөлімге ауыстырылған. Дәрігерлер оның жағдайын "тұрақты" деп бағалап отыр.

Полиция "кісі өлімі" және бұзақылық" баптарымен қылмыстық іс қозғады. Күдікті үш адам ұсталды, біреуіне іздеу жарияланды.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қарағандыда бір топ жас жігіттің арасында төбелес болғаны туралы ақпарат тарап, оған БАҚ-тың назары ауған. Әлеуметтік желілерде төбелестің ұлтаралық астары бар кикілжің екені де айтыла бастаған. Қарағанды облысының әкімдігі мен прокуратурасы төбелеске қатысты ресми түсінік беріп, қоғамды арандатуға ұрынып қалмауға шақырды. Биліктің мәліметінше, төбелес ұлтаралық сипатта болмаған және оған "қазақтар мен басқа бірнеше ұлттың өкілдері қатысқан". Облыстық әкімдік пен прокуратура тергеу барысы жайлы ақпарат БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланып тұратынын айтады.

1 қаңтарға қараған түні Қарағандыдағы "Древний Рим" мейрамханасында клиенттер арасында кикілжің шығып, соңы төбелеске ұласқан.