Қарағандыдағы төбелес: бір адам қаза тапты, үшеуі ұсталды

0
2 071

Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарының толықтай ашықтығын қамтамасыз етеді, тергеу барысы туралы барлық ақпарат БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.


Қарағандыдағы төбелес: бір адам қаза тапты, үшеуі ұсталды

ERNUR.KZ. 1 қаңтарға қараған түні Қарағанды қаласындағы «Древний Рим» мейрамханасында жанжал шығып, соңы жаппай төбелеске ұласып кетті. Оқиға барысында бір адам қаза болып, тағы үшеуі түрлі деңгейде жарақаттар алған деп жазады ҚазАқпарат.

Ведомствоның хабарлауынша, тәртіп сақтау органдары Қылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) және 293-бабы (бұзақылық) бойынша қылмыстық істер қозғады.

Қазіргі сәтте тергеу жұмыстарының нәтижесінде төбелеске қатысқан 3 адам ұсталып, 1 қатысушыға іздеу жарияланды. Бұған қоса, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы белсенді түрде аталмыш жанжал туралы күмәнді ақпарат таратылуда. Онда оқиға кезінде екі адам қайтыс болғаны және жанжал ұлтаралық араздық негізінде пайда болды деп жазылған.

Облыстық прокуратура төбелес екі топ арасында пайда болғанын және ол ұлтаралық араздық сипатында болмағанын мәлімдейді. Себебі екі топта да қазақ және басқа ұлт өкілдері болған.

«Азаматтарды үгіттеулер мен үндеулерге берілмей, тергеу органдары тарататын анық ақпаратты қадағалауларын өтінеміз. Заңнаманы бұзудың алдын алу мақсатында қасақана ұлтаралық араздық пен қастастықты өршітуге бағытталған әрекеттер Қылмыстық кодекстің 174-бабымен қарастырылған қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ақпараттандырамыз» делінген хабарламада.

Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарының толықтай ашықтығын қамтамасыз етеді, тергеу барысы туралы барлық ақпарат БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.

Тергеу барысы облыстық прокурорының ерекше бақылауына алынды.