Қаржы министрі дағдарыс кезінде аурухана салу тәртібін түсіндірді

0
670

Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібімен отандық кәсіпорындар қолдауға ие болып, ірі және маңызды сатып алулар Қазақстан президентімен келісілетін болады.


Қаржы министрі дағдарыс кезінде аурухана салу тәртібін түсіндірді

ERNUR.KZ. Премьер-министрдің бірінші орынбасары - қаржы министрі Әлихан Смайылов дағдарыс жағдайында мемлекеттік сатып алулардың тәртібін түсіндірді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, президенттің экономиканы тұрақтандыру шаралары туралы жарлығы бойынша салық салу, мемлекеттік сатып алу мен бюджетті пайдаланудың ерекше тәртібі қарастырылған. Осы орайда, Смайылов дағдарыс жағдайында мемлекеттік сатып алуларды жүргізу шараларына тоқталды.
"Дағдарыс жағдайы кезеңінде мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі қолданылатын болады. Сондықтан да ең алдымен отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін мемлекеттік сатып алу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы Қазақстан аумағында өндірілетін тауарлар мен оларды өндірушілердің тізбесін айқындайды. Мұндай тауарларды мемлекеттік сатып алу жедел әрі жеңілдетілген түрде, тек отандық өндірушілер арасында ғана жүзеге асырылады", - деді Смайылов үкіметте өткен онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібімен отандық кәсіпорындарды қолдап қана қоймай, жаңа өндірістерді де ашуға болады. Ал үкімет дағдарыс жағдайында шұғыл шешім қабылдап, жылдам әрекет ете алады.
"Мысалы, бетперде немесе қорғау құралдарын шұғыл сатып алу, аурухана салу және тағы басқа да қызметтерді алып қарайық. Бұл ретте конкурстық рәсімдер 60 күнге дейін созылуы мүмкін. Осыған байланысты жұмыс тобына бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізу үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді және жекелеген өнім берушілерді айқындау бойынша өкілеттіліктер берілетін болады. Бұл ретте ірі және маңызды сатып алулар Қазақстан президентімен келісіледі. Басқа сатып алулар жалпыға бірдей тәртіппен жүзеге асады", - деп атап көрсетті Смайылов.
Бүгінде төтенше жағдайға байланысты санитарлық-эпидемиологиялық шаралар күшейтіліп отыр. Дәріханаларды қажетті препараттар мен қорғаныс құралдарымен, ал сауда орындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысына баса назар аударылуда.
"Осы орайда айта кетер жәйт, елімізде дәрі-дәрмек пен азық-түлік жеткілікті. Сондықтан азық-түлікті артығымен алып, дүрлігудің қажеті жоқ", - деді Смайылов.