«Khazakh Real Stroy» мекемесі қала орталығындағы көшелерге 3000 түп алуан түсті гүл отырғызды.
Арыста «Таза Қазақстан» акциясы аясында кезекті сенбілік өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыс қаласында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында кезекті жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жол жиектеріндегі арамшөптер оталып, көшелер мен қоғамдық орындардағы қоқыстар жиналып, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді.
Ауқымды сенбілікке мемлекеттік қызметкерлер, мәслихат депутаттары, мекемелер мен кәсіпорындардың ұжымдары, теміржол саласының қызметкерлері, сондай-ақ әскери бөлімдердің сарбаздары белсенді атсалысты. Сонымен қатар, «Khazakh Real Stroy» мекемесі қала орталығындағы көшелерге 3000 түп алуан түсті гүл отырғызып, Арыстың көркіне көрік қосты.
Қала тазалығына діни қызметкерлер де өз үлесін қосты. Олар «Стадион» тұрғын ауданындағы мазарат аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Ал әскери бөлімдердің сарбаздары өз аумақтарында тал түптерін әктеп, арамшөптерді орып, көгалдандыру шараларын іске асырды.
Сенбілік жұмыстарын қала әкімі Қайсар Маңқараев өзі бақылап, тазалыққа белсене қатысқан ұжымдар мен тұрғындарға алғысын білдірді. Әкім алдағы уақытта қала орталығында тұрғындарды кеңінен тарта отырып, бұқаралық тазалық акцияларын өткізу қажеттігін айтты. Сонымен бірге, туған жерге деген сүйіспеншілікті іс жүзінде көрсетуге және ортақ жауапкершілікпен қаланың тазалығы мен тәртібіне үлес қосуға шақырды.
Арыс қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғау және санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса бермек.