Республика бойынша сайлауға қатысу үшін барлығы 2 582 адам өз кандидатурасын ұсынды, оның 2 297-сі тіркеуден өтті.
ERNUR.KZ. Бүгін Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Бұл сайлауда республика бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл округіне 730 әкім сайланады, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Тағы 45 басшы жыл соңына дейін сайланады, ол үшін әкімдердің өкілет мерзімі аяқталуы қажет.
Сайлау сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін өтеді.
Сайлау учаскелерінде дауыс санау дауыс беру аяқталғаннан бастап 12 сағаттан кешіктірілмей жүргізіледі.
Қорытынды сайлау өткеннен кейін үш күн ішінде шығады.
Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуді президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауында ұсынды. 23 шілдеде мемлекет басшысы сайлау саяси жаңғырудың жаңа кезеңі деп атап, қазақстандықтарды сайлауға қатысуға шақырды.
"25 шілде күні Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Бұл оқиға саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді. Сайлаушыларды белсенді дауыс беруге шақырамын. Халықтың мүддесі үшін барлық қажетті өзгерістерді жүзеге асыру керек", - деп жазды Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ал президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жергілікті атқарушы органдардың басшылары саналатын әкімдер мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – отандастарымыздың тұрмыс сапасын арттыру мәселесін шешуде негізгі рөл атқаруға тиіс екенін айтып, президент сайланған кандидаттың бәрі өзі ісінің маманы болатынына және халықтың үмітін ақтай алатынына сенім білдіргенін жеткізді.
Айта кетейік, елімізде алғаш рет өтетін ауыл әкімдерінің сайлауына қатысуға тіркелгендердің көпшілігі – өзін-өзі ұсынған азаматтар (1 419 адам). Олар жалпы кандидаттардың 61,8%-ін құрап отыр.
Республика бойынша сайлауға қатысу үшін барлығы 2 582 адам өз кандидатурасын ұсынды, оның 2 297-сі немесе 88,9%-і қажетті тіркеуден өтті. 878 адам (38,2%) саяси партия атынан кандидат болды.
Еліміздегі алты саяси партия ауыл әкімі болуға өз кандидаттарын ұсынды.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл округі әкімі болу үшін сайлауға 25 жастан асқан Қазақстан азаматы қатысады. Кандидат мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес келуі, сотталмаған болуы керек.
Кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмысы 14 шілдеде басталып, 24 шілдеде аяқталды. Әрбір кандидатқа республикалық бюджеттен үгіт-насихат жұмысына 220 000 теңге бөлінді (бұл БАҚ-та материал жариялауға, үгіт-насихат материалдарын шығару секілді шығындарға бөлінген).
Сонымен қатар осы сайлауда сайлаушыларға барлығына қарсы дауыс беру мүмкіндігі берілген.