Баға өсімі әсіресе Батыс Қазақстан, елорда және Шымкент тұрғындарына қатты байқалды.
ERNUR.KZ. Қазақстанда электр энергиясының тарифі 6,6 пайызға қымбаттады, деп жазады ҚазАқпарат.
ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше, 2020 жылдың қаңтар-тамызында елімізде 69,8 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілді. Бұл бір жыл бұрын дәл осындай көлемнен 0,3 пайызға көп. Ақшаға шаққанда электр энергиясын өндіру, беру және тарату 787 млрд теңгені құрады. жалпы, 2019 жылы еліізде 106,5 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндіріліп, 2018 жылмен салыстырғанда өсім 0,7 пайыз болған еді.
Өңірлік шекте әдеттегідей Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары электр энергиясын көп өндірді. Осы үш өңір елімізде өндірілген жалпы электр энергиясының 63,2 пайызын беріп отыр.
Павлодар облысында жалпы электр энергиясының 39,1 пайызы, нақты айтқанда 27,2 млрд кВт/сағаты өндірілді. Дегенмен, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 3,2 пайызға кем болғаны байқалады. Ал Қарағанды облысында керісінше электр энергиясын өндіру 5,1 пайызға артып, 10,6 млрд кВт/сағатты құрады.
Үздік үштікке кіретін Шығыс Қазақстан облысында 6,2 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілді. Өңір биыл электр энергиясын өндіруді өткен жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға төмендетіп алды.
Осы жылдың қыркүйегінде елімізде электр энергиясының тарифі өткен жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 6,6 пайызға қымбаттады.
Баға өсімі әсіресе Батыс Қазақстан (1 жылдың ішінде 19,9 пайызға өсім), елорда (15,5) және Шымкент (10,1) тұрғындарына қатты байқалды.
Ал Ақмола облысында электр энергиясы 0,9 пайызға арзандап отыр.