Дене қызуын түсіретін 15 түрлі препарат шығаратын 4 компания жұмыс істейді
ERNUR.KZ. Қазір Қазақстанда медициналық маска өндіретін 17 кәсіпорын бар. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Павлодар, Атырау, Ақтөбе, Алматы және Жамбыл облыстарында орналасқан, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Жалпы алғанда, кәсіпорындар күніне 1600-ден астам маска шығарады. Қазір қоймаларда 18 млн-нан астам медициналық маска бар.
Сондай-ақ елімізде бір реттік және қайта пайдалануға болатын қорғаныш костюмдері өндіріледі. Қазақстанда жұмыс істейтін 6 кәсіпорын айына жарты миллионнан астам өнім шығарады. Олар Алматы, Шымкент, Павлодар, Орал және Алматы облыстарында орналасқан.
Индустрия министрлігі Алматы мен Нұр-Сұлтанда тағы екі жаңа өндіріс орнын ашылуға қолдау көрсетіп жатыр. Олар іске қосылғаннан кейін айына қосымша 344 мың костюм шығарылады.
Одан бөлек, Қазақстанда дене қызуын түсіретін 15 түрлі препарат шығаратын 4 компания жұмыс істейді және вирусқа қарсы препараттардың 15 түрін өндіретін отандық 5 кәсіпорын бар.