Қазақстанның тағы бір қаласында карантин күшейеді

0
2 389

​Сауда үйлері мен базарлар жексенбі күндері жұмысын тоқтатады, қаулы 21 қаңтардан бастап күшіне енеді.


Қазақстанның тағы бір қаласында карантин күшейеді

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының аумағында 21 қаңтардан карантиндік шаралар қатаңдатылады. Тиісті қаулыға қол қойылды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Қала аумағында ойын-сауық, спорттық іс-шаралар, көрме, форум, конференция, концерттер, сондай-ақ отбасылық (банкет, үйлену тойы, мерейтой), еске алу шараларын, оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге сол күйі тыйым салынған.

Сондай-ақ, жаңа қаулыға сәйкес, жабық азық-түлік емес және азық-түлік базарлары жексенбі күндері жұмысын тоқтатады. Даладағы базарлар да жексенбі күндері жұмыс істемейді.

Сауда үйлері мен орталықтары (павильондар, бутиктер) жексенбі күндері жабылады, бірақ олардың ішінде орналасқан азық-түлік супермаркеттері мен дәріханалар, сұлулық салондары, химиялық тазарту жұмыс істей береді.

Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс кестесі 9:00-ден 20.00-ге дейін белгіленіп отыр.

Тамақты алып кету және жеткізу қызметін көрсететін қоғамдық тамақтану нысандары сағат 9:00-ден 23:00-ге дейін ашық болады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің кемінде 80%-ін "қашықтан жұмыс" форматына ауыстыруы тиіс.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін, сенбі сағат 09:00-ден 14:00-ге дейін істейді. Карантиндік шараларды сақтау үшін ХҚКО-ға Egov.kz, EgovKZBot телеграм бот арқылы кезекті алдын ала брондау арқылы бару ұсынылады.

Қаулы 2021 жылдың 21 қаңтарынан бастап заңды күшіне енеді.