​Үкімет басшысы экспортқа салынған қаржының қандай пайда әкелгендігін жариялады

0
1 164

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев экспорт саласындағы кемшіліктерді анықтауды тапсырды, деп xабарлайды ERNUR.KZ.


​Үкімет басшысы экспортқа салынған қаржының қандай пайда әкелгендігін жариялады
фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев экспорт саласындағы кемшіліктерді анықтауды тапсырды, деп xабарлайды ERNUR.KZ ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

"Баяндамалардан көріп отырғанымыздай, бүгінде экспорт саласында оң серпін байқалып отыр. 800 тауарлық позиция бойынша 122 мемлекетке өз өнімдерімізді шығарып отырмыз. 2017 жылдың қорытындысымен бірге 30 проценттік өсім бар. Дегенмен, барлық мүмкіндігімізді пайдаланып отырмыз ба? Жоқ па? Сол жағын қарастыру қажет. Қандай кедергілер бар? Былтыр біз сол кедергілерді алып тастауға арналған жол картасын әзірлеу бойынша тапсырма берген болатынбыз. Өкінішке қарай, Жеңіс Маxмұдұлы, сол жол картасы әлі дайындалған жоқ. Ербол Әскербекұлы, осы мамыр айында жол картасын дайындап, экспортты әртараптандыру жөніндегі кеңестің отырысына шығару қажет", - деді Б. Сағынтаев.

Премьер-Министрдің сөзіне қарағанда, шет елдермен арадағы сауда-экономикалық келісімдерді жан-жақты зерделеп, ол құжаттардың мүмкіндіктерін қаншалықты пайдаланып отырғанымызды анықтау қажет.

"Өйткені бір жылдың ішінде қаржылық көмекті бар болғаны 40 компания ғана алған. Бүгінде экспортқа шығатын компаниялардың сервистік қызметіне бөлінген бір теңге 50 теңгелік экспорттық келісімшарттарды әкеліп отыр. Ол - өте үлкен көрсеткіш. Бұл дегеніміз, әрбір теңгеден біраз ақша түсіп отыр. Сол себепті осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет", - деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек отандық тауарларды шетелге шығару бойынша есеп берді. Сондай-ақ, министр отандық тауарларды шетелге экспорттаудың негізгі проблемаларын атап өтті.