Көшеде қайықпен жүзген жігіттер соттан сый алды

0
1 927

Сот шешімімен ескекші жігіттер айыппұл төлемейтін болды, іс өндірісі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды


Көшеде қайықпен жүзген жігіттер соттан сый алды

ERNUR.KZ. Астана қалалық соты нөсер жауында қайықпен жүзген екі жігітке айыппұл салу туралы шешімнің күшін жойды, деп жазады Sputnik.

Нөсер жауында Астана көшелерінде қайықпен жүзген Жандос Сәдібек пен Дмитрий Кирилловке қатысты іс өндірісі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтады.

Сот отырысы барысында адвокат Сергей Сизинцев Жандос пен Дмитрийге салынған айыппұл негізсіз екенін, олардың әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық жоқ екенін айтып, қаулының күшін жоюды сұрады. Қорғаушының айтқандарымен прокурор да келісті.

"Сол күні қайық біздің көлігімізде болған. Айнала бәрі су болған соң, қайықпен жүзіп көрейік деп шештік. Бұл жай ғана әзіл болатын, ешқандай жаман ойымыз болған жоқ", — деді Дмитрий Кириллов.

Ал Жандос Сәдібек үшін бүгін тіпті ерекше күн. Оның бүгін туған күні екен.

"Әділдік орнағанына өте қуаныштымын. Туған күніме жаман сый болмаған сияқты. Іс осылай аяқталады деп күткен жоқпын",- дейді Жандос.

Екі жігіт те бұдан кейін Астана көшелерінде қайықпен жүзбейміз деп отыр.

"Мұндай жағдай қайталанбайтыны анық. Ешкімге қызық емес те шығар. Мүмкін, басқа бір нәрсе ойлап табармыз, бірақ алдымен адвокатпен ақылдасамыз", — деп күлді Жандос.

Еске сала кетсек, елорда тұрғындары төпелеп жауған жауыннан кейін қайық мініп, Қазнетке танымал болған еді. Астана полициясы екі жігіттің әрекетін ұсақ бұзақылық деп қарастырып, әрқайсысына 12 мың 025 теңге айыппұл салынды. Сот қаулысы қазақстандықтардың наразылығын тудырды, олар Жандос пен Дмитрийді жақтап, қолдау көрсеткен еді.

Алғашында "ескекші" жігіттер айыппұлды төлеуге келіскен, алайда оларға адвокат Сергей Сизинцев хабарласып, олардың әрекетінде заң бұзушылық жоқ екенін айтқан. Осыдан кейін жігіттер де істі соңына дейін жеткізуге бел буған.