Құс тұмауы Жамбыл облысына да жетті, бір елдімекен карантинге жабылды

0
719

Құс тұмауы анықталған 400 құс жойылды.


Құс тұмауы Жамбыл облысына да жетті, бір елдімекен карантинге жабылды

ERNUR.KZ. Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы бір елдімекеннен құс тұмауы анықталып, карантинге жабылды. 29 қыркүйекте Жамбыл облысы ветеринария басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов осылай деп мәлімдеді, деп жазады Азаттық.

Құс тұмауы Жуалы ауданы Қаратас ауылындағы құс фермасынан табылған.


– 18 қыркүйекте хабар келген соң ПТР-тестін жібердік. 21-і күні оң нәтиже көрсетті. Алғашында 360 құс: үй тауығы, қаз және күркетауық өлген. Кейінірек арнайы отряд барып, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді, жалпы 400 құс жойылды, – деді ветеринария басқарма басшысы Ербол Жиенқұлов.


Карантин шектеулері 21 күнге созылады. Ауыл маңына блокбекет қойылып, ауыл тұрғындары мен машиналар сол жерде тексерістен өтеді. Ветеринария мамандары адамдардан құс тұмауы анықталмағанын айтты.

Ербол Жиенқұловтың сөзінше, осы уақытқа дейін республикалық резервтен бөлінген 60 мың вакцина Жуалы ауданындағы құстарға егілген. Тағы 100 мың вакцина таратылып берілген.

Басқарма басшысы құс тұмауы аймаққа жабайы құстар арқылы келді деп санайды.


– Жуалы ауданында жабайы құстардың тұрақтайтын екі жері бар: бірі – егістік басы. Құс тұмауы сол жақтан жұққан болуы мүмкін. Негізі құс тұмауы жабайы құстардың ұшып-қонуы кезінде келеді. Біз вакцинаны су жанындағы, қойма маңындағы елдімекендерге, ауылдарға таратып бердік. Келесі апта соңына таман тағы да бөлінеді, – деді ол.


Ветеринария басқармасының мәліметінше, Жамбыл облысында 1 млн 30 мың құс бар.

Осы уақытқа дейін құс тұмауы Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарынан табылған еді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері құс тұмауына қарсы 3 млн 337 мың вакцина бөлінген. 1 қазанға қарай 700 мыңға жуық вакцина тағы сатып алынады.